«Шығын 112 миллиард теңгеден асады»

Қазақстанның батысында болған бейбіт шеруді қолдау мақсатында өзге 12 өңірде митингілер өтті. Алайда бейбіт бастама кей жерде заңсыз іс-әрекетке ұласты. 5-6 қаңтарда мемлекеттік және жекеменшік нысандар қирап, тоналды. Алматы әкімдігінің ғимараты өртенді.

Алматы әкімдігі
Алматы әкімдігі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алматыны қалпына келтіру жөніндегі штаб отырысында қала әкімі орынбасары Ілияс Өсеров тәртіпсіздіктер кезінде болған зардап салдарын есептеу жұмысы әлі жалғасып жатқанын айтты. Алдын-ала есеп бойынша Алматыдағы шығын көлемі — 112,6 миллиард теңге.

Шағын және орта бизнеске 42 миллиард теңге, ірі бизнеске 25 миллиард теңге шығын келтірілді деп бағаланды. Деректер қайта тексеріліп жатыр, – деді Ілияс Өсеров.

Жекелей алғанда, азық-түлік сатпайтын дүкендер 20,9 миллиард теңге, азық-түлік дүкендері 5,7 миллиард теңге, қару-жарақ дүкендері 6,4 миллиард теңге, ломбардтар 2,9 миллиард теңге, қоғамдық тамақтану орындары 1,8 миллиард теңге, қаржы ұйымдары (банк, банкоматтар) 702 миллион теңгеге шығынға ұшыраған.

Ал әкімшілік ғимараттарға келген зардап көлемі 22,6 миллиард теңге шамасында. Оған келесілер кіреді:

  • әкімдік ғимараты – 20 миллиард теңге;
  • прокуратура ғимараты – 2 миллиард теңге;
  • полиция департаменті және полиция бөлімі ғимараты – 205 миллион теңге;
  • экобекеттер – 163 миллион теңге;
  • медицина мекемелері – 2 миллион теңге.

Материалдық-техникалық шығын 16,7 миллиард теңге болды. Полиция департаментінің жабдықтары мен қару-жарағына қатысты 16 миллиард теңге есептелді. «Сергек» жүйесі бойынша 250 миллион теңгенің мүлкі бүлінген деп есептеліп отыр. Мемлекеттік және жекеменшік көліктердің шығыны – 1,9 миллиард теңге. Зардап шеккен қызметкерлерге берілетін өтемақы — 617,5 миллион, – деді әкім орынбасары.

Ілияс Өсеров Алматы бойынша тәртіпсіздік кезінде ең көп зардап Алмалы ауданына (20,5 миллиард теңге) келгенін айтты. Одан кейін Әуезов (20,1 миллиард теңге) және Бостандық (17,3 миллиард теңге) ауданы тұр. Ең аз шығын Наурызбай ауданында тіркелген.

Алматыдағы «Мобилька» сауда үйі − тәртіпсіздік кезінде тоналған нысандардың бірі. Сауда үйін мародерлер үш күн бойы тонаған. Сауда нүктесінің иелері ғимарат күзетшілеріне хабарласқанын, алайда олардың дүние-мүлікті еш қорғамағанын айтады. Кәсіпкерлердің сөзінше, күзетшілер сауда үйіне бара алмаймыз деп бас тартқан.

Қалада дүрбелең басталған соң Екі-үш күннен кейін күзетшіге хабарластым. «Тыныштық па», «Не болып жатыр?» дедім. Сөйлесіп жатқанда шудың дыбысы естілді. Ол «Естіп тұрсың ба? Кім көрінгеннің бәрі кіріп, тонап жатыр. Бармаймыз, басымызды жарады» деді. Сол кезде белгісіз біреулер келіп, ұялы телефондар мен басқа да бағалы заттарды алып кеткен, − дейді Зарина есімді сатушылардың бірі.

Тағы бір кәсіпкер Елена жаңа жылдың алдында бірнеше тауарды несиеге алып, сөресін толықтырып қойыпты. Оның шығыны 16 миллионнан асып жығылады екен.

Алматыдан бөлек, Қызылорда облысында да кәсіпкерлік нысанның көбі зардап шеккен. Өңірдегі бизнес өкілдері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіпкерлік және туризм басқармасына хабарласып жатыр. Қазір бүлінген 26 нысан туралы ақпарат бар. Жалпы шығынның сомасы 395,4 миллион теңгені болды. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов қалада орналасқан «Компас», Sinooil, GASENERGY жанар-жағармай бекеттеріне, «Сұлтан», «Фристайл», «Бірлік», «Аль-асад» сауда үйі ғимараттарына, төлем терминалдарына, «М-Ломбард» нысанына залал келгенін айтты.

«Мародерлер» жазалана ма?

«Тәртіпсіздік кезінде дүкендерден зат ұрлағандар жазалана ма?» деген сұраққа заңгер Евгений Яворский жауап берді.

Заңгердің айтуынша, мұндай адамдар қолға түскен жағдайда Қылмыстық кодекстің 191-бабы «Ұрлық» бойынша сотталады. Оған қоса, 192-бап «Қарақшылық» және 196-бап, яғни «Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу» бойынша іс қозғалады. Дегенмен, заңгер бұзақылар ұрлаған дүниесіне қарай, айыппұлмен шектелуі де мүмкін екенін ескертті.

Дәрежесіне қарай, үлкен көлемде айыппұл төлейтін шығар. Тонаушылық туралы бап қарастылмауы мүмкін. Себебі, әдетте, мұндай жаза түрі соғыс жағдайында қолданылады. Ал оның жауапкершілігі көп. Құдайға шүкір, бізде әзірше мұндай жағдай жоқ, − деді Евгений Яворский.

Айта кетейік, елімізде «Ұрлық» бабы бойынша тағайындалатын жаза 2 000 АЕК (6,1 миллион теңге) көлемінде айыппұлды да қарастырады.

Сонымен бірге мамандар ұрланған тауарларды сатып алмауға кеңес береді. Ол үшін де арнайы жаза бар. Арзан екеніне қызығып, тоналған зат сатып алған адам 160 пен 4  000 АЕК аралығында (490 080-12 252 000 теңге) айыппұл төлеуге міндеттеледі.

каспи, коронавирус
Алматыдағы Kaspi bank бөлімшесі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кәсіпкерлер нені білгені жөн?

Қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аумақтық департаменттерінің, басқа да ұйымдардың бірлесуімен шағын және орта бизнеске келген залалды бағалау бойынша қалалық және аудандық комиссиялар құрылды.

Палатаның баспасөз қызметінің дерегінше, дүние-мүлкі талан-таражға түскен кәсіпкерлерден 2 226 қоңырау тіркелген. Жекелей алғанда, Алматы бойынша 1 563 нысан бүлініпті.

Кәсіпкерлер палатасы бизнес иелеріне мынадай кеңес айтты:

  • 1432 call-орталығы нөміріне хабарласып, жағдайды тіркеңіз.
  • қылмыс орнын тазаламау, бүлінген заттар мен қираған мүліктерді жинамау қажет. Бұл саусақ ізін, тергеу амалдарына қажет басқа да мәліметтерді анықтауға қажет. Нысанды тексерген соң құқық қорғау органдары тонаудан қалған заттарды арнайы орынға (мысалы, жертөлеге) қою керек екенін айтады.
  • ішкі және сыртқы видеобақылау камераларындағы файлдарды флеш карталарға, басқа да құралдарға жазып алыңыз және видеожазбалардың өзін өшірмеңіз.
  • ұрланған және бүлінген заттар тізімін жасау керек. Құқық қорғау органдарына сотқа дейінгі тексеріс жасау үшін арыз жазу қажет.
  • әр бүлінген немесе ұрланған тауарды, затты дәлелдейтін құжаттар дайындау керек.