Баян Қоңырбаевтың айтуынша, қалада 11 мыңнан аса бейнебақылау камералары полиция департаментінің жедел басқару орталығына біріктіріліп, олар арқылы тәртіпсіздіктер мен тонауға қатысушылар бақылауға алынған.
Қаңтардағы оқиғалардан кейін Алматыда 766 «Сергек» камерасы бүлінген. 17 қаңтарда таңертең 485 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені қалпына келтіріліп, жедел басқару орталығына қосылды. Оның 20-сын бүгін таңғы сағат 7-де қостық. 75-тен астамын кешенді тонаушылар бұзды, бірақ 30-дан астамын қалпына келтірдік. Қалпына келтіру бойынша жалпы сома 250 миллион теңгеден аспайды. Барлық кешенді биыл қаңтардың аяғына дейін толық іске қосуды жоспарлап отырмыз, — деді Баян Қоңырбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, саябақтарда, скверлерде «Адам көп жиналатын орындардағы жағдайды бейнебақылау жүйесінің» 1 000 камерасы бар екенін айтты.
Тәртіпсіздік кезінде шабуылдаушылар 1 000 камераның 242-сін зақымдаған. Тонаушылар бұл камераларды әдейі қиратты. Камералар 30 есеге дейін ұлғайту мүмкіндігімен жақсы жабдықталған. Өндірушімен тікелей хабарласқанымызда, қоймаларда бұл камералар жоқ екен. Болжалды жеткізу уақыты — 2022 жылдың наурызы. Бірақ қазір оларды басқа өндіруші камераларына ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қаржыландыру республикалық бюджеттен бекітілген. Жалпы сома 226 миллион теңгеден аспайды, — деді ол.