Басты бетЖаңалықтарТимур Құлыбаев...

Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҰКП төрағасы қызметінен кетті

Құрметті әріптестер! Бүгіннен бастап мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігін доғаруды ұйғардым. Маған сенім білдіргені үшін съезд делегаттары мен төралқа мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын басқару мен үшін сегіз жыл бойы үлкен құрмет пен жауапкершілік болды, — делінген үндеуде.

Ол қатардағы сарапшылардан бастап аудандық филиалдардың басшыларына дейінгі «Атамекен» ұжымының бірлескен мазмұнды жұмысы үшін айрықша ризашылығын білдірді.

Біздің жұмысымыздың басты қорытындысы — бұл бизнес пен биліктің жолға қойылған сындарлы диалогы, қолайлы бизнес-ахуалды дәйектілікпен қалыптастыру. Біздің басымдығымыз әрқашан бизнес құқығын қорғау болды. Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен жұмыс жолға қойылған. Барлық өңірде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер жұмыс істейді. 8 жыл ішінде ҰКП-ға 41 мың өтініш келіп түсті, олардың 40%-ы оң шешімін тапты, — деді Тимур Құлыбаев.

Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҰКП бастамасымен бизнес-ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

Заңнамалық түзетулердің 8 пакеті қабылданды. Экономикалық қылмыстарды қылмыссыздандыру жүргізілді. Экономика саласындағы қылмыстық істерді тіркеу 5 есеге қысқарды. Қылмыстық кодекстен «жалған кәсіпкерлік»бабы алынып тасталды. Рұқсаттар, хабарламалар мен лицензиялар саны 4 есе қысқарды. Бақылау-қадағалау жүйесіне реформа жүргізілді — 17 мың немесе 58% талап алып тасталды. 2021 жылдан бастап жаңа реттеуші саясатты — «таза парақтан» реттеуді енгізу басталды. 2024 жылға дейін барлық реттеу толығымен жаңа қағидаттармен қайта жазылады және цифрландырылады. Біз «Бастау» жобасын шағын несиелеумен байланыстырып іске қостық. Мыңдаған жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, әсіресе ауылдарда, өз ісін бастауға мүмкіндік алды. Қазірдің өзінде 180 мыңнан астам адам оқытылды. 60 мыңнан астам жоба іске қосылып, 70 мың жұмыс орны ашылды. Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында «кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілді. Оны 250 мыңнан астам жасөспірім зерттеп жатыр. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың аз ғана бөлігі. Бірақ алда жаңа үлкен міндеттер мен сын-қатерлер тұр, — делінген үндеуде.

Оның айтуынша, 2022 жылғы 11 қаңтарда мемлекет басшысы өз сөзінде «Атамекен» мен бизнес-қоғамдастық үшін басым бағыттарды белгіледі. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу, импортқа тәуелділікті төмендету, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету және кешенді шараларды іске асыру қажет.

Мемлекет басшысының осы тапсырмаларының барлығы ҰКП-ның сөзсіз басымдығында болады. Біз өз жұмысымызда сайланған құрылымдардың кері байланысы мен мүшелеріміздің алдында есеп беруіне әрқашан назар аудардық. 2020 жылы тиісті өңірлердегі кәсіпкерлердің барлық өңірлік кеңестеріне сайлау өткізілді. Аккредиттелген қауымдастықтар Төралқаның салалық комитеттерін құрады және төрағаларды сайлайды. Ашықтық, есептілік және тиімді кері байланыс цифрлық негізде «Атамекен» ҰКП бүкіл жүйесі жұмысының негізгі қағидаттары болатынына сенімдімін. Сіздерге тағы да бірлескен жұмыс үшін ризашылығымды білдіремін және отандық кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі міндеттерді орындауда алдағы уақытта да табыс тілеймін. Құрметпен, Тимур Құлыбаев» — делінген үндеуде.