3 қаңтарда еліміздің батысындағы шерулерді қолдау мақсатында қалада заңсыз жиындар өтті. Қаланың әр түкпірінде екі жүзден 2 мыңға дейінгі азаматтар жиналған жиындар өткізілді. Жергілікті атқарушы органдармен, сонымен бірге прокуратура қызметкерлерімен алдын-алу түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар бұл күні наразылық білдірушілер тарапынан өрескел заң бұзушылықтар тіркелмеді.
4 қаңтарда «Алматы арена» мұз сарайының жанына 2 мыңға жуық наразылық білдіруші жиналды. Сонымен қатыр Шығыс айналма жолының маңында бір топ адамдар заңсыз науқан өткізді. Қаланың басқа бөліктерінде жиналғандар саны 500-ден 2 мың адамға дейін жетті. Олармен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Барлық жағдайда полиция қызметкерлері бейбіт жиындар кезінде қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етудің бұрын әзірленген алгоритмі бойынша жұмыс істеді және қарусыз болды.
Рысқұлов, Саин, Шығыс айналма жолы мен Төле би көшелерінің бойындағы жолдарды жауып, көлік қозғалысын тоқтату әрекеті жасалды. Барлық дерек бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына барды, бұл әрине күштерді қаланың әртүрлі бөлігіне жұмылдыруға әкеліп соқты. Шерушілер санының артуына байланысты оларға лаңкестер мен радикалды экстремистер де қосылып, жиналғандарды билік пен полицияға қарсы агрессив әрекеттерге бағыттап, әкімдік ғимаратын басып алуға шақырды.
Барлық әрекет нақты және ұйымдастырылған болды. Адамдар жиналған орындарға таяқ, бита, брусчатка, тастар, бөтелкедегі бензин және алкоголь ұйымдасқан түрде әкелінді. Қала орталығындағы Төле би даңғылындағы тротуар тақталарын бөлшектей бастады. Осыған байланысты мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау мақсатында арнайы жедел жоспар енгіздім.
«Дабыл» бойынша гарнизонның барлық жеке құрамы көтерілді. Қала көшелеріне саябақтарға, алаңдарға, қосымша полиция жасақтары мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері қойылды. Стратегиялық нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын қорғау күшейтілді. Бұл уақытта лаңкестер бір мезгілде қаланың әр жерінде патрульдік жасақтарға шабуылдай бастады.
Лаңкестердің басқа топтары бір уақытта қару-жарақ дүкендерін басып алды, олар ол жерден қару-жарақ пен оқ-дәрілерді иемденді. Барлығы 1 347 қару ұрланған, оның ішінде 501 мылтық, 807 тегіс ұңғылы және 39 газ-травматикалық қару. Осының барлығы нақты ұйымдастырылған, олардың іс-әрекетін топ жетекшілері үйлестірді.
Түскі уақытта кем дегенде 10 мың адамнан тұратын шабуылдаушылардың негізгі колоннасы басып алынған коммуналдық көліктердің көмегімен қоршауды бұзып өтіп, қала әкімдігін басып алуға әрекеттенді. Оларға қарсы өлімге әкелмейтін құралдар – су атқыштар, жарықты-дыбыс шығаратын гранаталар, көзден жас ағызатын газ қолданылды. Шабуыл жасаушылардың сан жағынан басымдығына қарамастан, полиция мен әскери қызметкерлердің жанқиярлық әрекеттерінің арқасында олардың ойлағаны жүзеге аспады.
Ғимаратты басып алудың екі әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін наразылық танытушылар алаңнан кетіп қалды. Кетер кезде олар 32 қызметтік көлікті, 5 өрт сөндіру көлігін өртеп жіберді. Олар зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін келе жатқан 30-дан астам жедел жәрдем көлігіне де зақым келтірді.
Осыдан кейін қаңтардың 5-і күні таңға дейін қала полициясы мен Ұлттық ұланның күшімен барлық баррикада толығымен жойылып, жолдарды жауып тұрған көліктер шығарылды. Қалада тәртіп орнады.
Сонымен қатар 5 қаңтар күні таңертең — әр аудан мен шет аймақтардан қала орталығына бір мезгілде 20 мың жиналды. Олардың жүріп өтуіне жол бермеу үшін: Төле би, Назарбаев, Саин-Райымбек, Сейфуллин-Райымбек көшелеріне қоршаулар қойылды. Сан жағынан артықшылық пен қаруды пайдалана отырып, қызметкерлердің жанқиярлық әрекеттеріне және қолданылған арнайы техникаға қарамастан, олар бірнеше қорғаныс шебін бұзып өтіп, полицейлерге дене жарақатын салып, көліктерге зақым келтірді.
Одан әрі Республика алаңына жиналған мыңдаған шабуылшылар әкімдік ғимаратын басып алуға тағы әрекеттенді. Шектеулі кеңістікті және әкімдіктегі адамдардың тығыздығын ескере отырып, полиция қызметкерлері қаруды қолданбады, өйткені көп адам шығынына әкелуі мүмкін еді. Осыған байланысты полицейлер қару қолданбай шегінуге мәжбүр болды. Шабуылшылар әкімдікті тонап, өртеу арқылы дүние-мүлкін бүлдіре бастады.
Полиция қызметкерлері мен әскери оқу орнының курсанттарын ұрып-соғып, мазақ қылып, арнайы құралдары мен киімдерін тартып алған. Дәл осы уақытта қаланың әр жерінде содырлардың көп тобы полиция жасақтарына оқ жаудырып, қаланы қиратуға кірісті.
Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні содырлар полиция департаментін, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Бостандық аудандық бөлімшелерін және жергілікті полиция қызметінің ғимаратын басып алуға әрекеттенген. Осыған байланысты ғимаратты қорғау, сонымен бірге әскери қарудың ұрлануын болдырмау мақсатында шабуыл жасағандарға қару колданылды.
Мен өзім полиция департаментінде болдым, ғимаратты басып алу үшін 27 рет шабуыл жасалғанын санадық. Қылмыскерлер техниканы, джиптер мен КамАЗ көліктерін қолданды. Шабуылдарды соғыс тактикасын жақсы білетін, өлілер мен жаралыларды қалдырмай, өздерімен бірге алып кететін кәсіби дайындығы бар адамдар жасады. Түнде олар осал жерлерді іздеді, шабуыл таңертеңге дейін жалғасты.
Лаңкестердің арасында полиция департаменті ғимаратының жанындағы көпқабатты үйдің төбесінен полиция департаментіне оқ атқан снайперлер де болды. Ғимарат атқыланды, жанатын ұнтағы бар бөтелкелер лақтырылды. Айта кетейін, ол кезде оларды тек күшейтілген кезекші жасақтар қорғады. Олардың батылдығы мен ерлігінің арқасында ғимараттар басып алынбады.
Сонымен қатар қарулы қылмыскерлер қала көшелерінде бей-берекет оқ жаудырып, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды, дүкен сатып алушылары мен көліктерін беруден бас тартқан жүргізушілерді өлтірді.
Осындай жағдайда 6 қаңтар күні режиссер Сәкен Битаев өлтірілді. Сол күні кешкі тоғыз жарым шамасында Алматы әкімдігінің жанында әкім Бақытжан Сағынтаевтың кортежіне де оқ жаудырылды. Қастандық салдарынан «Алматы» телеарнасының қызметкері қаза тауып, тағы үш адам, оның ішінде әкімдіктің екі қызметкері жараланды. Содырлардың әрекеттері ұйымдастырылған. Биліктің беделіне нұқсан келтіру үшін қылмыскерлер полицейлер мен әскери қызметкерлердің киімін киіп алған.
Алаңның периметрі мен қаланың орталық көшелеріндегі 493 видеобақылау камерасы істен шыққан. Жолдарға тосқауыл қойылды. Периметрдің айналасында бақылаушылар орналастырылды. 4-5 адамнан құралған лаңкестер басып алынған көліктерде мемлекеттік нөмірсіз жүрген.
Қозғалыс кезінде полиция жасақтары мен блокпостарға оқ атылды. Қару-жарақ пен әскери техниканы тартып алу мақсатында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне шабуыл жасау әрекеті жасалды.
Олар Алматының халықаралық әуежайын да басып алған. Сауда және ойын-сауық орталықтарына, қаржы ғимараттарына шабуылдар жасалды. Қаланың әр түкпірінде бір мезгілде әртүрлі ғимаратқа мина қойылғанын, атыс, шабуыл туралы жалған хабарламалардың көптеп түскенін атап өткім келеді. Бұл тактиканы лаңкестер полицияны шаршатып, күштерімізді осал ету үшін қолданған.
Осы күнге дейін арнайы органдардың қызметкерлерімен және әскерилермен бірлесіп, қаланы тазарту бойынша лаңкестікке қарсы іс-шара жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлер мен қоймалардан қарулар тәркіленіп жатыр.
Тәртіпсіздіктер кезінде 356 көлік зақымданды және жойылды, оның ішінде 163 полицияның қызметтік көлігі. Шұғыл түрде дәлелдеме базасы жиналып жатыр.
«102» сигналдарына жауап беру жүйесі қалпына келтірілді. Шақыруларға күшейтілген патрульдік жасақтар жіберіледі. Құқық бұзушылық туралы әрбір дабыл мұқият тексеріледі.
Қазіргі күні жағдай тұрақтанды. Коммуналдық нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысы қалпына келтіріліп жатыр. Өкінішке қарай, қақтығыстар мен шабуылдар салдарынан 149 адам көз жұмды. Олардың басым көпшілігі — бұзақылар мен лаңкестер, сонымен бірге олардың қолынан қаза тапқан бейбіт азаматтар. Лаңкестердің негізгі саны 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні полиция бөлімшелері мен блокпостарға шабуыл жасау кезінде жойылды.