Басты бетҚоғам"Қасіретті қаңтар"...

«Қасіретті қаңтар» оқиғаcының хронологиясы

Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаевтың мәліметінше, 1 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында сағат 17.20-да қала әкімдігінің жанында адамдар жинала бастады. Адамдар сұйылтылған газ бағасын төмендету талабымен ел басшылығының атына видеоөтініш жазып алып, сол күні сағат 18.00-де тарап кетті.

2 қаңтарда наразылық білдірушілер саны жүздеген адамға дейін артты, ал акцияға қатысушылар ішкі жолдарды жауып тастады. Бұл ретте құқық қорғау органдары күш пен құрал қолданбаған.

3 қаңтарда наразылық акциялары басқа қалалар мен аймақтарда басталды. Осы күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында еліміздің басқа жеті өңірінде (Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан мен Алматы) бейбіт митингілер басталды.

4 қаңтарда митингілер жалғасып, өңірлер саны 11-ге жетті, адамдар рұқсатсыз жаппай жинала бастады. Қатысушылар саны 37 мың адамға (Алматы мен Нұр-сұлтан және Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары) дейін күрт көбейді. Алматы мен Шымкентте қарулы шабуылдар мен бүліктер басталды.

Айта кетейік, сол күннен бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерге және әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарға тойтарыс беру үшін өлтірмейтін арнайы құралдарды қолдана бастады.

5 қаңтарда тәртіпсіздіктер елдің 11 өңірінде болды. Қатысушылар саны 50 мыңға жетті, қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні террористер Алматы әкімдігінің ғимаратын және «Алматы» халықаралық әуежайын басып алды.

Қызылордада шабуылдаушылар 9 автокөлікті өртеп жіберді, Талдықорғанда облыс әкімдігі, полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ғимараттарын басып алды.

Бас прокуратура өкілі террористердің іс-қимылын үйлестіруді және байланыс құралдарын пайдалануын болдырмау мақсатында интернетке кіру шектелгенін айтты.

6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция өткізілетіні жарияланды. Осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады.

7 қаңтарда бейбіт наразылық шаралары бірнеше өңірде (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары) болды. 8 қаңтарда жағдай біртіндеп тұрақтала бастады, азаматтардың рұқсатсыз жиналуы тоқтатылды.

Серік Шалабаев Бас прокуратура «Алматы трагедиясының» және басқа өңірлердегі террористік шабуылдардың барлық себебі мен егжей-тегжейін анықтап жатқанын айтты. Оның сөзінше, құқық қорғау органдары террористік шабуылдарға қатысушыларды анықтау және жазалау, елдегі қоғамдық қауіпсіздікті толық қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шараны қабылдап жатыр.

Бүгінде 4 578 жәбірленуші анықталды, оның 4 353-і жараланды, оның 3 393-і (78%-і) — құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде (5-14 қаңтар аралығында) мәйітханаларға қаза тапқан 225 адам жеткізілді. Олардың бір бөлігі — терактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы қарақшылар. Қаза болғандардың 19-ы — полицейлер және әскери қызметкерлер

Ведомство өкілі бұл алдын ала деректер екенін ескертті. Мәліметтер әлі де нақтыланады және өзгеруі мүмкін.

Қылмыс жасады деген күдікпен 672 адам уақытша ұстау изоляторына жеткізілді, оның ішінде 446-сы сот санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және ұстауға негіз болмағандықтан 100-ге жуық адам босатылды.

Бас прокуратура әр факті бойынша тиісті құқықтық баға беру арқылы мұқият зерттелетінін мәлімдеді.

Жедел тергеу топтары қазіргі күні 546 қылмыстық істі тергеп жатыр, оның 44-і терроризм актілері бойынша, 34-і жаппай тәртіпсіздіктер бойынша, 15-і адам өлтіру және тағы басқа.

Қазіргі уақытта прокуратураға құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне қатысты 32 өтініш келіп түскен.

Азаматтар заң тұрғысынан құқықтары бұзылған жағдайда 115 нөмірі бойынша Бас прокуратураның call-орталығына немесе тікелей прокуратураның аумақтық органдарына жүгіне алады.