Басты бетҚоғамАлматы полицейлерін...

Алматы полицейлерін ұрып-соққан видеолар жарияланды

Видео 4-5 қаңтар аралығындағы видеобақылау жүйелерінің деректері мен әлеуметтік желілердегі материалдар бойынша жасалған.

Жүздеген агрессивті адамдар тәртіпсіздіктерді, тонауды және басқа да заңсыз әрекеттерді басу кезінде полиция қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге бірнеше рет шабуыл жасап, соққыға жыққан, — делінген polisia.kz таратқан хабарламада.

Полиция департаментінің мәліметінше, лаңкестік әрекеттердің жолын кесу және мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттары мен стратегиялық нысандарына қарулы шабуылдарды тойтару нәтижесінде Алматы полициясының үш қызметкері қаза тапты, тағы 185 тәртіп сақшысы жарақат алды, олардың екеуінің жағдайы ауыр.

5 қаңтарда Алмалы аудандық полиция бөлімінің әкімшілік ғимаратына жасалған шабуылға тойтарыс беру кезінде екі полиция қызметкері Ален Асылханов пен Ринат Қамбетов жарақат алып, оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір тәртіп сақшысы Нұрболсын Алмасов стратегиялық маңызы бар нысандардың бірін қорғау кезінде қайтыс болды.

Әскери және қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сонымен қатар мемлекет мүддесін қорғаудағы ерліктері үшін бұл полиция қызметкерлері ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.