2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мұғалімдер мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25% — ға, медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30% — ға өсті.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырманы орындау үшін 2020 жылдан бастап шамамен 600 мың мұғалімнің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, ал 2021 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды. 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есе өседі,- делінген хабарламада.
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 21 мың жұмыскердің лауазымдық айлықақылары 25% — ға арттырылды. Жалақының өсуі өз қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, үйде қызмет көрсету ұйымдарында, уақытша болу ұйымдарында және жұмыспен қамту орталықтарында жүзеге асыратын басшы құрам мен негізгі персоналға (әлеуметтік қызметкерлер, мұғалімдер, медицина қызметкерлері және т.б.) қатысты болды.