ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет үшін шешуші сәтте жағдайды жедел өз бақылауына алып, батыл әрі нақты шаралар қабылдағанын жазған.
Осыдан сіздің саясаткер және еліңіз бен халқыңыздың алдында зор жауапкершілік арқалаған тұлға ретіндегі ерлігіңіз көрінеді. Мен мұны жоғары бағалаймын! Қытай тарапы Қазақстанның тұрақтылығына нұқсан келтіретін, оның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, Қазақстан халқының тыныштығын бұзатын кез келген күштерге және Қазақстанда саналы түрде хаос туғызып, «түрлі-түсті революция» жасайтын сыртқы күштерге батыл қарсы шығады. Қазақстан мен Қытай арасындағы достыққа сына қағуға және екіжақты ынтымақтастыққа кедергі келтіруге тырысатын кез келген әрекетке батыл қарсы тұрады, – делінген Қытай төрағасының жеделхатында.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев өзінің хатында Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айтып, еліміздегі бейбітшілікті сақтау жолында қаза тапқан қайсар ұландардың жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасатын айтқан.
Бауырлас Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы сіздің батыл күш-жігеріңізді толық қолдайтынымызды тағы да нақтылағым келеді, — делінген Өзбекстан көшбасшысының жеделхатында.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жолдаған жеделхатында Қазақстанда болған қайғылы оқиғаларды зор күйзеліспен қабылдағанын, Қырғызстан халқының және жеке өзінің атынан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына көңіл айтқан.
Мызғымас достық, тату көршілік және өзара сыйластыққа негізделген халықтарымыздың көп ғасырлық ортақ тарихи, рухани және мәдени байланыстарын ескере отырып, Қырғызстан Қазақстан Республикасын қашанда ниеттес, сенімді көрші әрі стратегиялық әріптес ретінде қолдайды, — делінген Қырғызстан басшысының жеделхатында.
Беларусь президенті Александр Лукашенко көп адамның құрбан болуына және ғимараттардың қирауына әкеп соқтырған содырлар тобының елімізге жасаған шабуылы халықаралық терроризмнің әлемге зор қауіп төндіретінін тағы да көрсетті деп жазған.
Экстремистердің түпкі мақсаты — көпұлтты Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру, елде хаос орнатып, конституцияға қарсы төңкеріс жасау және саяси бағдарды өзгерту үшін бауырлар арасында соғыс отын өршіту екені айқын, — деп жазды Беларусь басшысы.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, сонымен бірге БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос және басқа да тұлғалар қолдау білдіріп, көңіл айтты.
Ақорданың баспасөз қызметі жеделхаттар әлі де келіп түсіп жатқанын хабарлады.