Жұлдыз Қажатова, педагог:

алматылық
Жұлдыз Қажатова. Фото жеке архивінен

Түркияға ұша алмай қалдым

4 қаңтарда шерудің басталғанын естідім, әлеуметтік желіден түрлі видео мен фото көрдім. Әрине, аздап қорықтық. Дегенмен ертең жұмыс болған соң ерте жатып қалдық. Таңертең газдың, атыстың дыбысынан ояндық. Бір сәтке «Соғыс басталды ма?» деп ойлап қалдым. Сол уақытта әріптестерім хабарласып, мектепке келмеуді, үйден шықпауымды айтты.

Оқушылар қысқы каникулда болған соң интернеттің сөндірілуі жұмысқа аса кедергісін келтірмеді. Әр баланың ата-анасына жеке-жеке телефон арқылы хабарласып, хал-жағдайын сұрап, үйден шықпауын өтіндік. Каникул, сабақ туралы ақпарат беріп отырдық.  Эпидемиология жағдайының күрт нашарлауына байланысты ауырып жатқан балаларды да түгендедік.

Тәртіпсіздік болған күндері үйде кітап оқып жаттым. 5 қаңтарда дүкенге бардық, бірақ нан таппай қайттық. Ұн мен сүт алып, бауырсақ пісіріп жедік. 6-8 қаңтар аралығында үйден мүлдем шықпадық. Себебі сыртта өте қорқынышты болды. Интернет қосылған кезде сұмдықтың бәрін көрдік. Азаматтарымыздың бірін-бірі өлтіріп жатқанына сене алмадым. Келесі күні интернет, жаңалық қарағымыз да келмеді. Түрлі фильм жүктеп, соны көріп, ойымызды басқа жаққа бұруды жөн көрдік.

Магистратурада оқимын. 11 қаңтарда Түркияға екі аптаға өндірістік тәжірибеден өту үшін ұшып кетуім керек еді. Сол үшін еңбек демалысына да өтініш жазып қойғанмын, бірақ тәртіпсіздік кезінде әуежайға шабуыл жасалды, рейстер тоқтап қалды. Сөйтіп ұша алмай қалдым, бірақ билетті қайта өткізіп, 100% ақшасын қайтарып алдым. Университет басшылығы өндірістік тәжірибені наурызға шегерді. Ал жұмыс орным төтенше жағдайды ескеріп, еңбек демалысымның уақытын ауыстыруға мүмкіндік берді.

Тотихан Венова, медбике:

Үш күн ауруханада болдық

Алматыдағы 7-қалалық ауруханада медбикемін. Жұмыс кестесі бойынша бір күн істеп, екі күн демаламын. 4 қаңтар әдеттегідей жұмысқа шықтым. Ертеңінде тәртіпсіздік басталып, үш күн бойы ауруханадан шыға алмай қалдық. Тәртіпсіздік орнатқандар басқа бөлімшелерге кіргенін естідік, дегенмен біздің кардиология бөліміне сырттан ешкім кірмеді. Тек өзіміздің науқастар, дәрігерлер және медбикелер болдық.

Әрине, қорқынышты болды. Үш күнде физикалық жағынан да, мораль тұрғысынан да шаршап кеттік. Науқастарды қорқытып алмау үшін сырттағы жағдайды айтпауға тырыстық. Дегенмен олар да болған оқиғаны жаңалықтардан біліп отырды. Өзіміз қорықсақ та, науқастарды сабыр сақтауға үндедік. Ауруханадан аяқ аттап баспасақ та, тамақтан еш қиналмадық. Себебі аурухана ішінде дүкен бар, асхананың тамағын іштік. Бізге күн сайын ыстық тамақ әзірлеп беріп отырды.

Бір балам бар. Бір жақсысы — қазір ол ата-әжесінің қолында. Сол себепті «үйде жалғыз қалды-ау» деп уайымға салынбадым. Жағдай тұрақтаған соң 4 күн демалыс берді.

Нұртілеу Мәлікұлы, студент, журналист:

алматылық
Нұртілеу Мәлікұлы. Фото жеке архивінен

Жатақхананы жауып, ешкімді шығармады

Жатақханада шамамен 10 шақты студент болды. Дүрбелең кезінде университет басшылығы жатақхананы жауып, ешкімді сыртқа шығармады. Бұл студенттердің қауіпсіздігі үшін істеген шара еді. Дүкеннің өзіне қолхатпен әрең шығып отырдық. Кейбіреулер Аграрлық және басқа да кішігірім университеттің жатақханасына барып, студенттерді митингіге шығуға мәжбүрлегенін естідім, бірақ біздің университетке ондай талаппен ешкім келмеді. Оған  университет аумағының үлкен екені және күзет, камераның бар екені себеп болған шығар?!

Бұрын әр студент қолындағы смартфонына үңіліп, өз бөлмесіне тығылып алатын. Интернет пен сыртқа шығуға мүмкіндік болмағанда барлығы бөлмесінен шыға бастады. Бір-бірімізбен араласып, әңгімелесіп, сырласып, жақсы күндер өтті. Жатақхананың теледидарынан бірге жаңалық тыңдап, жай кезде көрмейтін сериал, фильмдерді тамашаладық. Жігіттер қолымыздан келетін шаруамен айналыстық, қыздар тамақ пісірді. Уақытты бос өткізбедік, кітап оқыдық, бірақ интернет қосылған соң студенттер бұрынғы өміріне қайта оралды.

КТК арнасының журналисімін. Бейбіт шеру басталғанда демалыста болдық. Жұмысқа енді шыққанымызда тәртіпсіздікке қатысқандар «Қазақстан» телеарнасын басып алғанын және біздің арнаға қарай келе жатқанын естідік. Сол кезде бірден болып жатқан эфирді тоқтатып, эвуакациямен қаштық. Бір-екі күннен соң жұмыс қайта басталды. Төтенше жағдай аяқталғанша жатақханадан күнде жазбаша қолхат жазып шығып жүрмін.

Кеңсеміз Алматы әкімдігінің жанында орналасқан. Әкімдіктікі қалай басып алғанын, атыс-шабыстың бәрін көрдік. Сол себепті Алматыдағы оқиғаны «бейбіт митинг» деп айта алмаймын. Өкінішке қарай, мұны «бүлік» деп атауға тура келеді. Маңғыстауда нағыз бейбіт митинг болды. Халық жиналды, талабын айтты, ақсақалдар қызуқанды жастарды басып, қаланың мүлкін бұзуға мүмкіндік бермеді. Ал Алматыда араңдатушылардың сөзіне сеніп немесе күштеуімен алаңға шыққан жастар, Отан қызметін атқарған сарбаздар қаза болды. Бұл — үлкен қайғы.

Гүлмира Наурызбаева, кәсіпкер:

алматылық
Гүлмира Наурызбаев. Фото жеке архивінен

Дүкенімізде нан, ұн, қант таусылды

Отбасымызбен Тастақ-1 шағынауданында тұрамыз. Үйдің жанында дүкеніміз бар. Алматыда тәртіпсіздік басталғанда дүкенге халық жаппай келе бастады. Бірінші күні-ақ ұн, нан, қант таусылып қалды. Фирмадан нан кешігіп келіп жатты. Алтын орда және көтерме базар сатушылары тауарды қымбаттатып тастады.

5-6 қаңтар күндері қаладағы ахуалдың ушығып бара жатқанын байқадық, басымыздың амандығымыз үшін қорқа бастадық. Сол себепті дүкенді жарты немесе бір сағатқа қана ашып жүрдік. Құдайға шүкір, өзіміз де, дүкеніміз де аман. Ешкім ұрлыққа түспеді.

Қазір жағдай тұрақтады. Базарлар да тауар бағасын түсіріпті. Дегенмен кей тауардың ассортименті жоқ. Мысалы, біз алатын ыдыс жуғыш сусабынның көп түрі жоқ.

Мадина Лашбаева, журналист:

алматылық
Мадина Лашбаева. Фото жеке архивінен

Террористер біздің арнамыздан тікелей эфирге шыққысы келген

5 қаңтар жұмыс күні еді, бірақ офистің жабық екені айтылды. Сол себепті жұмысқа бармадық. Кейін кешке террористердің біздің арнаға шабуыл жасағанын, тікелей эфирге шыққысы келгенін естідік. Жұмыс тоқтады. Басқа журналистер сияқты алаңға шығуды ойладық, дегенмен «пресса» деген жилеті, құжаты бар әріптестеріміздің ұсталып, оқ астында қалып жатқанын білген соң қауіпті екенін түсіндік. Бірақ бір-екі күннен соң арнамыздың жаңалықтар бөлімі жұмысын жалғастырды.

Бұл уақытта үйде болдым. Үйіміздің астындағы дүкеннен азық-түлікті алдық. Бір-екі күн нан болмады, кейін алып келді.

Біздің бағдарлама қызметкерлері 13 қаңтарда іске кірісеміз. Әдетте түнге дейін жұмыс істейтінбіз. Енді төтенше жағдайға байланысты 10.00-ден 20.00-ге дейін ғана жұмыс орнында боламыз.