Алматы әкімдігі ескі ғимаратқа көшірілді

Әкімшілік өртеніп кеткен әкімдік ғимараты толық қалпына келтірілгенге дейін ескі ғимаратта қалады. Әкімдіктің ескі ғимаратында жедел штаб, Бақытжан Сағынтаев пен орынбасарларының кабинеті орналасқан.

11 қаңтарда Бақытжан Сағынтаев жаппай тәртіпсіздіктерден кейін алғаш рет шенеуніктермен кеңейтілген кеңес өткізді. Қала әкімдігі қаланы қалай ретке келтіруге болатынын шешті.

11 қаңтардан бастап Алматыда Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды, олардың жұмыс кестесі қысқарды. Қазір мекеме қызметкерлері азаматтарды таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін қабылдайды. Сонымен қатар Қазақстан қор биржасы жұмысын қайта бастады.

Қалада біртіндеп сауда орталықтары ашылып жатыр. Шенеуніктердің айтуынша, алты ірі сауда орталығы бұрынғы жұмыс режиміне оралады. Ертең оларға басқа сауда үйлері қосылады. Дегенмен кейбір сауда алаңдары төтенше жағдай режимі аяқталған соң, яғни 19 қаңтардан кейін іске қосылуы мүмкін.

Тонаушылардан зардап шеккен кәсіпкерлер шығын мөлшерін есептеп жатыр.  Кәсіпкерлер қалпына келтіру жұмыстары қаншалықты ұзаққа созылатынын білмейді.