Әкім орынбасарының айтуынша, оқиға 6 қаңтарда болған. Бұл кезде Бақытжан Сағынтаев шұғыл әрекет ету штабынан шығып, әкімдікке бара жатқан.
Еске салайық, дәл осы күні қалада жаппай тәртіпсіздіктер мен қарақшылық қызған еді. Сол күні Бақытжан Сағынтаев отырған автокөлік Назарбаев көшесімен солтүстік бағытта жүріп бара жатқан. Жүргізуші солға қарай, Сәтбаев көшесіне жетпей, әкімдік ғимаратына бұрыла бергенде автоматтан оқ атылды.
Алматы әкімі отырған көлік оқиға орнынан сытылып үлгерген. Әкімнің жарақат алмағаны белгілі болды.
Алайда оқиға салдарынан «Алматы» телеарнасының жүргізушісі қаза болды. Оның автокөлігі әкімнің көлігінің соңынан жүріп келе жатыпты. Әкімдіктің тағы екі қызметкері жарақат алған: спорт басқармасының басшысы Рустам Байсейітов пен дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Кикимов. Оларға операция жасалған, қазіргі уақытта жағдайы тұрақты,- дейді Бабақұмаров.
Оқиғаның мән-жайын «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Жалауқызы айтып берді.
Олар 6 қаңтарда, кешке Республика алаңына шықты. Әскер алаңды бақылауға алғаны айтылды. Мұратхан аға кеңсеге жақын маңда тұратын, бәрі сол кісінің көлігіне отырып шыққан. Әл-Фараби даңғылынан Фурмановқа (Назарбаев — еск.) бұрылғанда оларға оқ жаудырған, — деді Нұржан Жалауқызы.