Телеарна мәліметінше, Қаржы мониторингі агенттігі бағаны негізсіз көтеру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 5 қаңтарда өткен кеңесте өзінің былтыр маусым айында, Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысын сынға алды.
Қазіргі уақытта жобаның тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайындалған. Оны қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Екіншіден, сұйытылған газды тарату және саудаға шығарудың қазіргі тәртібі пысықталмаған. Электрон сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде Энергетика министрлігі электрон сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған, – деді президент.
Айта кетейік, Қазақ газ өңдеу зауыты бүкіл Маңғыстау облысы және елдің басым бөлігін сұйытылған газбен қамтамасыз етеді. Президент маусымда газды тұтыну кейінгі үш жылда екі есе өскенін, ал бұл зауыт қондырғылары 90% ескіргенін айтып еді.