Басты бетЖаңалықтарПрезидент екі...

Президент екі министрді ғана тікелей тағайындай алады

Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметовтың пікірінше, жаңа реформа бойынша, парламент тек қана заң шығарып қоймайды, олардың сол заңдарды бақылай алатын өкiлеттiгi артпақ. Президент қорғаныс саласы мен сыртқы істер министрiн ғана өзi тікелей тағайындайды. Қалған министрлерді міндетті түрде Мәжiлiстің келісімін алғаннан кейін ғана тағайындайтын болады. Осылайша Парламенттiң рөлi артып отыр.

Тағы бір маңызды жайт, депутаттар енді көпшілік дауыспен министрлерді отставкаға жіберетін өкілеттікке ие болмақ.

«Ендігі жердегі үлкен жаңалық – Мәжіліс депутаттарының үштен екісінің астамы министрді орнынан түсіру жөнінде ұсыныс жасайтын болса, онда Президент оны қабылдауға міндетті болады», — дейді Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 25 қаңтар билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша Қазақстан халқына үндеу жасаған еді. Саяси реформаға сәйкес, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілмек. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламенттің сессияның аяғына дейін Парламентке енгізуі тиіс.

Бұдан бөлек, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету мақсатында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтіледі. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырмақ. Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді.

ДереккөзBaq.kz