Ералы Тоғжанов комиссияның төрт шешімін айтты

Киелі Маңғыстау мекені мен үшін орны ерекше. Екі жылдан аса осы өңірде өздеріңізге қызмет ету бақыты бұйырған еді. Аймақ жұртшылығының еңбекқорлығы, ыстық ықыласы мен дархан пейіліне куәмін. Қазіргі таңда Президент тапсырмасымен құрылған үкіметтік комиссия өз жұмысын жалғастыруда. Өpдеріңізге белгілі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес құрылған үкіметтік комиссия шешімімен бірқатар нақты шешімдер қабылдады және шұғыл түрде іске асырылды, — деді Ералы Тоғжанов.

Осыдан кейін ол комиссия қабылдаған төрт шешімді атады:

Біріншіден, сұйытылған газдың литрі 50 теңге болып бекітілді. Облыстың қалалары мен аудандарында газ құнының мөлшерін саралау «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының есебінен жүзеге асырылады.

Екіншіден, қазіргі уақытта біздің берген уәдемізге сәйкес, интернет ресурстары іске қосылды. Үшіншіден, құқық қорғау органдарының наразылық акцияларына қатысушыларды қудаламауы туралы сол жерде әңгіме болды. Ол және нақты қабылданған шешімге байланысты жүзеге асып жатыр. Төртіншіден, Қаражамбас кен қорының вахта жұмысшыларын Ақтау қаласына тасымалдау туралы осы комиссияға қатысқан азаматтардың нақты ұсыныстары болған. Ол да бүгінде нақты шешімін тапты. Сонымен қатар, өзге де әлеуметтік сұрақтар алдағы уақытта міндетті түрде қаралады. Ол мәселелердің шешімі Мемлекет басшысының тікелей қадағалауында, — деді үндеуінде Тоғжанов.

Сонымен қатар премьер-министрдің орынбасары жұртты сабырға шақырды.

Қадірлі бауырлар, сіздерді әр түрлі арандатуға және соның салдарынан болатын тәртіп бұзушылықтарға жол бермеуге шақырамын. Сабыр сақтап, тек қана ресми ақпараттарға сенулеріңізді сұраймын. Елдің бірлігі мен амандығы — біздің басты құндылығымыз екенін естеріңізге салғым келеді, — деді ол.