Литрі 50 теңге. Маңғыстау облысында газ бағасы төмендейді

Кездесуде Ақтаудың белсенді бастамашыл тобымен келіссөздер барысында қабылданған шешімдер, атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ әлеуметтік жауапкершілігі аясында Маңғыстау облысында сұйытылған газ құнын төмендету және литріне 50 теңге бағасын белгілеу туралы айтылды.

Алаңда болған адамдарды жауапкершілікке тартпау туралы кепілдік берілді.

Сонымен бірге тараптар туындаған барлық мәселені сындарлы диалог аясында және қолданыстағы заңнама шеңберінде шешуге келісті.

Еске салайық, 2 қаңтарда Жаңаөзен тұрғындары сұйытылған газ бағасын төмендету туралы талабымен көшеге шықты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайға үн қатып, Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды. Ол Twitter-дегі парақшасында шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс екенін де жазды.

Кеше, 3 қаңтарда Үкімет газ бағасын 85-90 теңгеге дейін төмендететінін мәлімдеді.

Ал бүгін, 4 қаңтарда президент тағы да мәлімеде жасады.

Құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс, — деп жазды Twitter-дегі парақшасында.

Қазіргі уақытта еліміздегі әр аймағында митингілер өтіп жатыр.

Ертең, 5 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерінің, Президент әкімшілігі қызметкерлерінің және басқа да жауапты органдар өкілдерінің қатысумен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізеді.