Басты бетҚоғамАқтауда үкіметтік...

Ақтауда үкіметтік комиссия жұмысын бастады

Үкіметтік комиссия президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен отырыс өтіп, оған Президент әкімшілігінің, Энергетика министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысты.

Комиссия барлық тарапты қанағаттандыратын өзара қолайлы шешім қабылдау үшін өзекті мәселелерді жан-жақты және жүйелі түрде қарайды, — делінген хабарламада.

Еске салайық, 2 қаңтарда Жаңаөзен тұрғындары сұйытылған газ бағасын төмендету туралы талабымен көшеге шықты. Кейін акция Ақтау көшелерінде де тіркелді. Митингіге шыққандар жолды жапты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайға үн қатып, Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды. Twitter-дегі парақшасында шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс екенін де жазды.

Кеше, 3 қаңтарда Үкімет газ бағасын 85-90 теңгеге дейін төмендететінін мәлімдеді.

Ал бүгін, 4 қаңтарда президент тағы да мәлімеде жасады.

Құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс, — деп жазды Twitter-дегі парақшасында.