Алматыда екі мыңға жуық абонентті ғаламторға қосу жоспарланды

Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында жазды. Әкімнің айтуынша, ғаламтор қолжетімділігі — өзекті мәселенің бірі.

«Meganet» компаниясымен талшықты оптикалық байланыс жолдары арқылы ғаламторға 1 586 абонент қосылды. Кезекте – «Нұршашқан», «Тастыбұлақ», «Таусамалы», «Ақжар», «Қалқаман-2», «Қайрат», «Шұғыла», «Достық», «Ақбұлақ», «Қарағайлы» шағынаудандарының 304 абоненті тұр. Сонымен қатар «Қазақтелеком» жеке аудандарда ғаламторға сымсыз қол жеткізу үшін FWA желісінің құрылысын жүргізіп жатыр. Желі Алатау ауданының «Алғабас» шағынауданында іске қосылды. Кезекте Алатау ауданының «Өжет», «Боралдай», «Теректі», Наурызбайдың «Таусамалы», Түрксібтің «Әлмерек» пен «Нұршашқан» шағынаудандары тұр. 2022 жылдың соңына дейін 2 мыңға жуық абонентті қамту жоспарда бар, — деп жазды Бақытжан Сағынтаев.