Басты бетҚоғамҚазақстандық елу...

Қазақстандық елу ғалым 6 миллион теңгеден сыйақы алды

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталған.

Осы жылы білім министрлігі алғаш рет еліміздің үздік ғалымдары үшін сыйақы тағайындады. Конкурсқа қатысуға өтінім осы конкурс үшін арнайы құрылған және автоматты түрде сегіз өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Бұл байқаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етті. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды. Байқаудың барлық қатысушысы өтінім беру кезеңінде өз балдарын көре алды, — деді ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева.

Оның айтуынша, өтінімдерді комиссия қараған және сараптамалық топтар ұсынылған құжаттардың бекітілген критерийлерге сәйкестігін секцияларда тексерді.

Конкурсқа қатысу үшін барлығы 7 бағыт бойынша 575 өтінім түсті. Конкурсқа қатысушылар арасында жаратылыстану ғылымдары, инжиниринг және технологиялар, медицина және денсаулық сақтау, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары, әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік ғалымдары болды. Нәтижесінде Комиссия 6 ғылыми зерттеу институты мен 16 жоғары оқу орнынан 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» сыйлығын беру туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, биыл президенттің тапсырмасымен 500-ге жуық ғалымның ғылыми тағылымдамадан өтуіне стипендия тағайындалды. Сонымен бірге постдокторантура үшін жас ғалымдарға 1 000 грант бөлінді.