Басты бетҚоғамПрезидент жануарларға...

Президент жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға қол қойды

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, — делінген ресми хабарламада.

Заңға сәйкес, жануарларға қатыгездікпен қарау әрекеттерін бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да жолдар арқылы насихаттауға тыйым салынады. Ол үшін 1000 АЕК-ке (2 917 000 теңге) дейін айыппұл салу, бір жылға дейін бас бостандығынан айыру, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға дейін айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша жануардың мертігуіне әкеп соққан қатыгездік үшін 120 айлық есептік көрсеткішке дейін (биыл 350 040 теңге) айыппұл және 30 тәулікке дейін қамауға алу, ал жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездік әрекет үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (583 400 теңге) айыппұл және 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы енгізілген.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жануарларға қатыгездікпен қарау тармағы да енгізілді. Атап айтқанда, 407-1 бабында нақты айыппұлдың көлемі көрсетілді. Олар:

  • жеке тұлғаларға – 5 айлық есептік көрсеткішке (29 170 теңге);
  • лауазымды тұлғаларға – 10 айлық есептік көрсеткішке (58 340 теңге).

Ал осы тәртіп бұзушылық қайталанса, жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш және лауазымды тұлғаларға 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

407-2-баптың редакциясында үй және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, ұстау, есепке алу, серуендету, тасымалдау, өлтіру ережелерін бұзғаны үшін де айыппұл қарастырылған:

  • жеке тұлғаларға 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейін (29 170 теңгеден 58 340 теңгеге дейін);
  • лауазымды тұлғаларға 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін (58 340 теңгеден 87 510 теңгеге дейін);
  • заңды тұлғаларға 30-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін (87 510 теңгеден 116 680 теңгеге дейін.

Еске салайық, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын тіркеуге қою міндеті енгізіледі. Ал әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар болса, есепке алу шаралары бюджет есебінен атқарылады.