Еліміздің әр аймағында жанармай бағасы біртіндеп көтеріліп келеді. Жыл басында 135 теңге болған АИ-92 сұйық отыны қазір 137-139 теңге көлемінде сатылып жатыр.
Алдағы уақытта бұл баға тағы 6 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Өйткені еліміздегі ең ірі жанармай сатушы «ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясы АИ-92 жанармайын 145 теңгеге дейін қымбаттатуды ұсынды.
Компанияның мәліметінше, бағаны қымбаттатса ішкі нарықтағы жанармай тапшылығы жойылады екен. Өйткені біз тұтынатын бензиннің 35 пайызы Ресейден тасымалданады. Ал көрші елде жанармайдың бұл түрі едәуір қымбат. Соңғы уақытта қазақстандық арзан жанармайды керісінше теріскейге тасу белең алған. Сондықтан бұл тығырықтан шығу үшін бағаны көтеруге тура келеді дейді мамандар.
Десек те, Павлодар қаласындағы кейбір бекеттерде АИ-92 маркалы бензин қазірдің өзінде 145 теңгеден сатылып жатыр.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысында жанармай тапшылығы сезілуде. Бұл аймақ бір айда 25 мың тонна АИ-92 жанармайын тұтынады. Алайда қаңтар айында сол көлемнің тек жартысы ғана жанармай бекеттеріне түскен. Алыстағы ауыл-аймақтарға берілген бензин көлемі тіпті мардымсыз. Өйткені облысқа бөлінген сұйық отынның басым бөлігін ірі жанармай бекеттері алып қойған.