Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Бұл оқиға былтыр мамыр айында болды. Сарыағаш ауданы полиция бөлімінің 102 нөміріне әйел адам хабарласып, үйінің ауласындағы дәретханаға өзінің үш жасар ұлы мен 10 жастағы қызының абайсызда түсіп кеткенін айтып көмек сұраған.
Хабарламаны бірінші болып алған учаскелік полиция инспекторлары Нұрдаулет Еділов, Асыл Ережепов пен Айсұлтан Сапар оқиға орнына аттанды. Олар екі минут ішінде тұрғынның үйіне жетті.
5 метрлік әжетхана ішіндегі нәжіс 10 жасар қыздың иығына дейін жеткен екен. Ал жасөспірім қыз жанындағы 3 жасар інісін нәжіске батып кетпесі үшін көтеріп ұстап тұрды. Бетоннан жасалған әжетхана еденін темір құралмен соққылап бұздық. Балаларға қауіп төнбесі үшін, өзіндік әдіспен әрекет еттік,-дейді Нұрдаулет Еділов.
Сақшы Нұрдаулет Еділов арнайы Нұр-Сұлтанға шақырылып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Уаскелік инспектор Нұрдәулет Еділов әріптестерімен бірге 21 000 тұрғыны бар Қапланбек ауылдық округінде қызмет етеді.