Қандастар жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай түсе алады

Заңнамаға сәйкес білім беру гранттары Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелеріне сәйкес білім беру бағдарламаларының нақты топтары бойынша конкурс негізінде беріледі. Бүгінгі күні қандастар үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінің 4%-і (2265 грант) мөлшерінде жоғары оқу орындарына түсу үшін қабылдау квотасы көзделген. Осы квота аясында 2012 жылдан бастап 2021 жылға дейін 8 000-нан астам қандас қабылданды. 2020 жылдан бастап жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту мақсатында қандастар үшін ҰБТ алғаш рет электронды форматта ұйымдастырылды. Ол тестілеуді қашықтан шетелде тапсыруға мүмкіндік берді, — деді вице-премьер.

Оның дерегінше, биыл онлайн тестілеуге 1 143 қандас қатысты, 796 қандас немесе ҰБТ-ға қатысушылардың жалпы санының 69%-і білім грантын алды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 76% деңгейінде болды.

2020 жылдан бастап SAT, АСТ және IB халықаралық стандартталған тестілерінің балдарын ҰБТ балдарына ауыстыру енгізілді. Аталған сертификаттары бар адамдар ҰБТ тапсырудан босатылады. Тиісінше стандартталған тест сертификаттары болған жағдайда қандастар жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз түсуге мүмкіндігі бар, — деді ол.

Ералы Тоғжанов 2020 жылдан бастап диаспора өкілдері ҰБТ тапсырмай ЖОО-ға дайындық бөлімдеріне қабылдаудың бекітілген қағидаларына сәйкес әңгімелесу нәтижелері бойынша қабылданатынын атап өтті.

Жыл сайын жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттік стипендиямен және жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ете отырып, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Түркіменстаннан 1000-нан астам қандас қабылданады. Дайындық бөлімінің бағдарламасы бойынша қандастар қазақ тілін, жалпы білім беру пәндерін оқиды, ҰБТ-ға толыққанды дайындық курсынан өтеді, — деді Үкімет басшысының орынбасары.