Барыс жылы туғандар Жаңа жылдан не күтеді?

«Жаңа жыл балалар мерекесі»

Жазушы, профессор, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш 1950 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылында дүниеге келген және бала кезінен оқу-білімге жақын болған екен. Қазір Нұрдәулет Ақыш қазақ әдебиетіндегі балалар әдебиеті мен проза жанрын тепе-тең ұстап жүр.

Фото. Нұрдәулет Ақыштың жеке архивінен

Жазушының бойынан барысқа тән қажырлылық, жомарттық байқадық. Оның жылдар бойғы шығармашылық ізденісіне осы мінезі оң ықпалын тигізіпті.

Қаламгер Жаңа жылды балалар мерекесі деп есептейтінін айтады.

Жаңа жылды мектепте оқып жүрген жылдары сезіндім. Ол кезге дейін орталықтан шалғай тұрдық. Бір жағынан малшының баласы болғандықтан, бұл мерекенің не екенін білмедім. Аз ғана адамдардың ортасында жүргендіктен, бұл мереке аталмайтын. Мектептен бастап балалар болып, Жаңа жылды қуанышпен қарсы алатынбыз. Сондықтан Жаңа жыл – балаларға шад-шадыман сыйлайтын ерекше мереке, – деді жазушы.

2-қатарда сол жақтан екінші тұрған оныншы сынып оқушысы Нұрдәулет Ақыш. Фото: жеке архивтен

Жазушы осыған дейін мүшел жаста ешқандай ауырпалықтың болмағанын жеткізді. Дегенмен бұл кезеңде жұмысында өзгерістер болғанын еске алады.

Нұрдәулет Ақыш келер жылға қажымас қайрат, мықты денсаулық, шығармалық жетістіктер тіледі.

«Аяусыз шырша кесу науқаны басталады»

Ләзиза Имашева 1974 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылында туған. 2002 жылы «Шабыт» фестивалінде үшінші, 2003 жылы Ғабиден Мұстафиннің 100 жылдық мерейтойына арналған бәйгеде жүлделі екінші орынды жеңіп алады. Әңгімелері 2004 жылғы жас жазушылардың «Көк күмбез», 2005 жылғы «Жас толқын» жинақтарына енген. Республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында қызмет етіп, «Аударма» баспасында редактор болып жұмыс істеген.

Фото. Ләзиза Имашеваның жеке архивінен

Ләзиза Имашева Жаңа жыл қарсаңында шыршалардың аяусыз кесілетіне іштей қынжылатынын жеткізді.

Әр жыл, әр күннің қосар өз үлесі бар. Мен үшін Алланың әр күні берекелі. Шығыс жылсанауында «Барыс жылы − жайлы жыл» дегенді оқығаным бар. Біраз жылдан бері бұл мерекеге деген көзқарасым біраз өзгерді. Қатты күтпеймін. Тойлаған адамға ренішім жоқ. Тек Жаңа жылда арақ-шарап көп ішілетіні, қылмыс, жол апаттары көбейіп кететіні жаныма батады. Аяусыздан шырша кесу науқаны басталады. Ал шырша жылына 1-2 см ғана өсетін ағаш, өте обал, − деді Ләзиза Имашева.

Ләзиза Имашева 2021 жылға ешқандай реніші жоқ екенін айтады.

2022 жыл мен үшін шығармашылығымның жанданған жылы болады деп үміт күтемін. Балалар әдебиетіне де үлес қоспақ ойым бар. Алла қаласа жинағым да жарық көріп қалар деп сенемін, − деді ол

«Әкемізден айырылып қалдық»

1986 жылы 23 ақпанда дүниеге келген Алмас Манап қазіргі күні спорт журналисі болып жұмыс істейді. Кезінде спортқа бейім болып, бокспен айналысқан, алайда ауыр жарақатынан кейін бұл саладан кеткен. Уақыт өте келе, журналистикаға ауысыпты.

Фото. Алмас Манаптың жеке архивінен

Алмас Манап келешекте 10 олимпиаданы көзімен көріп, оқырмандарына спорт жаңалықтарын бөліскісі келеді. Бұған дейін «Қысқы Азия ойындары», «Қысқы Универсиада ойындары» және «Токио Олимпиадасында» репортаж жасағанын еске алды.

2021 жыл өміріме қатты өзгеріс әкелген жыл болды. Қыркүйек айында әкемізден айырылып қалдық. Бұл маған үлкен соққы болды. Өйткені жанашырым да, сырлас досым да әкем еді. Кез келген іс-шараны, бастаманы қолға алған кезде әкемнен бата алатынмын. Үлкендердің айтуынша, кезінде шежіреші, айтыскер болған. Одан алған тәлім-тәрбием бүгінге дейін өз жемісін беріп келе жатыр, – деді Алмас Манап.

Фото. Алмас Манаптың жеке архивінен

Алмас Манап бірнеше жылдан бері Жаңа жыл мерекесін тойламайтынын, керісінше, түркі халықтарына ортақ Наурыз мересіне ерекше көңілмен, ыждағаттылықпен дайындалатынын ашық айтты.

«2021 жылы ел-жер көре бастадым»

Наргиза Аршидин 1998 жылдың 13 сәуірінде Алматы облысы, Жаркент қаласында дүниеге келген. Сүлеймен Демирел атындағы университетінің құқық және әлеуметтік ғылымдар факультеті, журналистика мамандығының түлегі. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты.

Фото. Наргиза Аршидиннің жеке архивінен

2021 жылы жеке басымда көптеген өзгеріс болды. Жетістіктерге жетіп, жақсы орта таптым. Отбасыммен демалудың қадірі арта түсті. Baribar.kz ұжымымен танысып, тәуелсіз, еркін ойлайтын әріптестердің ортасына келгеніме шын қуандым. Одан кейін магистратураға оқуға түстім. Алғаш рет шетел асып, саяхатқа шықтым. Дубайға барып келген соң, саяхаттың, демалыстың дәмін сезіндім. Өзбекстанның тарихи жерлерін араладым. Басқа елдің дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен танысу маған ұнай бастады. Содан бері саяхат жасауды мақсат еттім. 2021 жыл ерекшелігімен есімде қалады, – дейді Наргиза Аршидин.

Фото. Наргиза Аршидиннің жеке архивінен

Осы жыл мен үшін рухани жандану жылы болды. Жаңа жылды әрдайым отбасымызбен бірге қарсы аламыз. Інім туғанға дейін 9 жыл бойы өз арамызда атап өтетінбіз. Ал осы бауырым дүниеге келген соң барлық туыс-туғанымыз біздің үйге келіп, сағат 23:30-ға дейін отырады. Содан кейін әрқайсысы өз шаңырағына барып тойлайды. Қазір көбі жұмысбасты болып кеткендіктен, осылай жақын туыстардың, достардың жиналып тұрғаны дұрыс деп ойлаймын, – деді Наргиза Аршидин.

«Жаңа жылға жарты сағат қалғанда, арманымды жазамын»

Мейірлан Жарылқасын 2010 жылы Алматыда өмірге келген. Қазір ол спортта жетістіктерге жетіп жүр. Тіпті тхеквондодан Қазақстанның, Халықаралық ойындардың жеңімпазы атанып үлгерді.

Мейірлан Жаңа жылда еліміздің тыныш болғанын, жақындарының дені сау болғанын тілейді.

Фото. Мейірлан Жарылқасынның жеке архивінен

Әр Жаңа жыл мен үшін ерекше. Бұл мерекеде бәріміз қуанышқа бөленеміз. Әжем әр жаңа жыл сайын тілек-арманыңды жазып тұр дейді. Мерекеге жарты сағат қалғанда, арманымды жазамын. Келесі жылы тхеквондодан «қара белбеу» игері атансам деймін. Болашақта үлкен архитектор болғым келеді, – деді Мейірлан Жарылқасын.

Фото. Мейірлан Жарылқасынның жеке архивінен