Нұр-Сұлтанда мереке күндері қандай шектеу енгізіледі?

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, әлеуметтік байланыс көбейіп, карантин шараларын елемеу салдарынан әрбір мерекеден кейін эпидемиология ахуалы нашарлап жатыр.

Адам санының толуы 50%-ке дейін, бірақ 70 орыннан аспайтын, ғимаратқа келушілер мен ондағы қызметкерлердің барлығында «жасыл» статус болуы талаптарын сақтаған Ashyq жобасына қатысатын нысандарда өткізілетін іс-шараларды есепке алмағанда, отбасылық жиындар, корпоративтер сынды бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады, — деді Сархат Бейсенова брифингте.

Астанада эпидемиология ахуал жақсарғанға дейін адам көп жиналатын салтанатты іс-шаралар, мерекелерді өткізуден бас тарту ұсынылады.

Бірге күш салу арқылы біз жағдайды оңалта алдық. Енді сол еңбектің барлығы зая кеткенін қаламаймыз. Алдағы мереке күндері мониторинг топтарының жұмысы жандана түсетінін атап өткім келеді. Тексерулер біреуді жазалау немесе айыппұл салу үшін емес, алдын алу шараларының орындалуын қамтамасыз ету үшін жүргізілетінін түсіну керек. Өйткені қаладағы эпидемиология ахуалы осыған байланысты болып отыр, — деді Сархат Бейсенова.

Ол Нұр-Сұлтанда балалар қатысуымен жалпы мектепішілік және ұжымдық ертеңгіліктер ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынғанын еске салды.