Басты бетЖаңалықтарБелгілі ғалым...

Белгілі ғалым Жанар Мұстафина қайтыс болды

Бұл  туралы Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті хабарлады.

Бүгін 86 жасында белгілі ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, профессор Жанар Ғабиденқызы Мұстафина қайтыс болды. Университет ұжымы Жанар Ғабиденқызының туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Біз Жанар Ғабиденқызы Мұстафинаны ешқашан ұмытпаймыз!, — делінген университет сайтында жарияланған хабарламада.

Жанар Мұстафина 1936 жылы Новосибирскте дүниеге келген. 1960 жылы Молотов атындағы Алматы медициналық институтын бітірген.

Ол республикадан тыс жерлерге де танымал қазақстандық офтальмология мектебін құрушылардың бірі. Отыз жылдан астам уақыт басшылық қызмет атқарды. 300-ден астам ғылыми мақаланың, оның ішінде алты монографияның, әдістемелік оқулықтардың, оқу құралдарының, сөздіктердің, Қазақстан мен Ресейдегі 50-ден астам өнертабыс пен патент авторы.

Мұстафинаның жетекшілігімен 20 кандидаттық және докторлық диссертация қорғалды. Көпжылдық ғылыми-зерттеу, педагогикалық, емдеу-алдын алу қызметі үшін ҚазКСР Жоғарғы кеңесі президиумының Құрмет грамоталарымен, «Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. «Ұлттық медицина ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары марапаты – «Алтын дәрігер»,»Ave Vitae» орденінің иегері.

Ұзақ жыл бойы бас офтальмолог және республикалық офтальмологтар ғылыми қоғамының төрағасы, диссертациялық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарды. Республиканың ауыл халқына мамандандырылған офтальмологиялық көмекті жетілдіру бойынша үлкен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс жүргізді, қызмет көрсетудің кезеңдік-бригадалық әдісін енгізуге белсенді қатысты.