Басты бетЖаңалықтарПрезиденттік жастар...

Президенттік жастар кадр резервіне алынған 50 үміткер анықталды

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты жетілдіру және жаңа буынның өзін-өзі дамытуына қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударады.

Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 50 кандидат президенттік жастар кадр резервіне алынды. Іріктеуге қатысуға барлығы 8 638 өтінім алынды.

Резервшілер тізіміне жеке сектордың 18 өкілі, квазимемлекеттік сектордың 13 өкілі және 19 мемлекеттік қызметкер кірді. Сонымен қатар, 24 адамның (48%) басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі бар.

Кандидаттардың 62%-ы шетелдік жоғары білімі бар, 38%-ы қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері. Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы 30 жасты құрады. Резервте Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар қалаларының өкілдері басым. Бұл ретте қатысуға өтінімдер республиканың барлық өңірлерінен, сонымен бірге шет мемлекеттерден келіп түсті,- делінген хабарламада.

ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанованың айтуынша, резервке алынған үміткерлердің бірі қазіргі уақытта Бельгияда, Қазақстан елшілігінде жұмыс істейді.

Цифрлық технологияларды пайдалану іріктеудің ашықтығы мен ұтқырлығын қамтамасыз етті, бұл жас қазақстандықтарға олардың орналасқан жеріне қарамастан қатысуға мүмкіндік берді. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу процесінің ашықтығы қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен қамтамасыз етілді. Резервке кірген кандидаттардың толық тізімі агенттіктің ресми сайтында  pkrezerv.gov.kz сайтында ағымдағы жылдың 27 желтоқсанында жарияланады,- делінген хабарламада.

Резервке екінші іріктеудің ерекшелігі — болашақ резервшіні таңдау  кезінде оның жеке мансаптық амбицияларға емес, ең алдымен қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын трансформациялық көшбасшыға тән құзыреттері назарға алынды.

Агенттік төрағасы Анар Жаилғанова қазіргі резерв тек мемлекеттік қызмет үшін ғана қалыптастырылғанын және онда болу мерзімі 3 жылды құрайтынын атап өтті. Ол мемлекеттік қызметтің жоғары лауазымдарына резервшілерді тағайындау мансаптық өсу жолы арқылы жоспарланғанын хабарлады. Агенттік резервшілердің одан әрі мансаптық ілгерілеуін әрдайым қадағалайтын болады.

Анар Жаилғанова резервшілермен жұмыс барысы және олардың жетістіктері туралы жұртшылық жүйелі негізде хабардар етілетінін мәлімдеді.