Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сонымен қатар Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына орай 2025 жылға дейін 103 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. 977 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік инвестицияның 1 теңгесіне 7 теңге жеке инвестиция тартылады, — деді Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, биыл 17 миллион шаршы метр немесе 163 мың баспана салу ескерілген.
26 желтоқсандағы деректер бойынша 16 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 12 өңірде артқан, — деді министр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі құрылыс саласын цифрландыру керек екенін мәлімдеді.
Баспана халыққа қолжетімді болуы тиіс. Осыған орай тұрғын үй және құрылыс материалдары құнының қымбаттауына жол бермеу үшін министрлік үш бағытта жұмыс істеп жатыр: біріншісі — құрылыс саласын цифрландыру, екіншісі — баға белгілеу жүйесін жетілдіру және құрылыстағы бақылауды күшейту, үшіншісі — құрылыс материалдары өндірісін дамыту, — деді министр.