2022 жыл қандай кезең?
Энергияға толы жыл
Нумерологияның статистика психоанализінде 2 саны энергияны білдіреді. Ал бұл сан 2022 жылда көп, сол себепті келер жыл — энергияға толы кезең, үлкен қарқын мен динамикаға ие. Бұл жыл әдеттегіге қарағанда жылдам өтеді. Оқиғалар, жағдай, жұмыстың бәрі шапшаң жүреді. Адамдар қазір жайбасар, ешнәрсеге қауқары болмаса, келер жылдан айтарлық өзгеріс күтпегені жөн. Себебі бұл жылдың қарқынына ілесіп кете алғандар ғана жетістікке жетеді.
Спорт, спорт және спорт
Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл жылдың энергиясы мықты болғандықтан адамдар оған физикалық түрде дайын болуы қажет. Сол себепті спортпен шұғылданғаны, салауатты өмір салтын ұстанғаны дұрыс. Үнемі бірқалыпта болмаса, жыл жылдамдығына ілесуге қиналып, тез шаршауы мүмкін.
Конфликтіден аулақ болу
2022 жылдың профицит энергиясы қоғамға пайдасымен қоса зиянын әкелуі әбден мүмкін. Бұл жылы адамдар өте белсенді болуға тырысады, ойын ашық айтады, ештеңені бұқпайды, эмоцияға тез беріледі. Ал мұндай жағдайда кикілжің, ұрыс-керіс пайда болып жатады. Сол себепті достар, отбасы, тіпті мемлекеттер арасындағы байланыста конфликті жағдайлардан барынша сақтануға, дипломатиялық қарым-қатынасқа көп назар аударуға, эмоция жарылысына төтеп беруге тырысу керек.
Еңбекқорлық жылы
2022 жылдың жалпы қосындысы (2+0+2+2=6) еңбекқорлықты білдіретін 6 санына тең, яғни бұл кезде еңбек ерекше бағаланады. Бүгінде трендке айналған армандар картасы, психология тренингі сияқты рухани маркетинг бағыттары оңға баспауы мүмкін. Бұл жыл — тек қиялға ерік беретін емес, орыннан тұрып іс-әрекет жасайтын, тер төгіп жұмыс істейтін уақыт. Сондықтан жаңа жылға 100 мақсат жазып қойып қана отыруға болмайды. Адам тек еңбегі арқылы табысқа да, жетістікке де жетеді.
2022 жылы туған балалар қандай қабілетке ие болады?
Адамның туған жылы, күні мен айы оның мінезіне, бойына бітетін қабілетіне тікелей әсер етеді. Тіпті ерекшелігіне қарап, оған мамандық таңдауға көмектесуге болады. Мәселен, 2022 жылда туатын сәбилердің қабілетін талдап көрейік:
Қаңтарда, қазанда, қарашада, желтоқсанда туған балалар — елді басқаратын нағыз лидер, басшы. Олар адамдарды өз артына ерте біледі, амбициясы жоғары. Бұл балаларға болашақта билікті қолына ұстатуға болады.
Ақпанда күш-қуат ресурсына бай ең белсенді балалар дүниеге келеді. Мұндай балаларға энергиясын дұрыс пайдалануға көмектесу қажет. Олар спортқа, коммуникацияға жақын. Бұл айда туғандардан болашақта білікті дипломат, программист, блогер шығады.
Наурыз — талантты балаларға толы ай. Олар сабақты жақсы оқиды, білім алуға, кітап оқуға құштар. Мұндай балаларды сурет, актерлық шеберлік, журналистика сияқты шығармашылық мамандықтарға бағыттаған жөн.
Сәуірде дүниеге келетін сәбилер — спортшылар және опера әншілері. Себебі олардың денсаулық секторы жоғары. Ішінде алып күш бар, ал ол не дауысқа, не сырт-келбетке беріледі. Мұндай кішкентайлардың ата-анасына балаларын спорт немесе операға беруге кеңес беремін.
Мамырда нағыз ғалым, инженер, дәрігерлер туады. Себебі бұл кездегі балалардың аналитика талдауы, логикасы, ойлау жүйесі жақсы дамыған.
Маусымда көбіне халық көзайымы атана алатын танымал тұлғалар және қолынан өнер тамған шеберлер дүниеге келеді.
Шілде — жетінші ай. Қазақ жеті санын тектен-тек қасиетті санамаған. Бұл айда туғандардың жолы болғыш келеді. Олар адамдарды жақсы тани алады, тез әрі дұрыс қарым-қатынас орната біледі. Мұндай адамдарды көбісі «оқымаған немесе тума психологтар» деп атайды.
Тамызда туған балаларға ерекше, жақсы қасиеттер беріледі. Олар өте мейірімді, сабырлы әрі жауапкершілігі мол болады. Оған қоса олар — сезімтал жандар. Ішкі сезімін ісі арқылы көрсетуі де мүмкін. Сондықтан тамызда туған балалар арасынан талантты ақын, жазушы, композитор шығуы әбден мүмкін.
Қыркүйекте туғандарды лингвистика, филология, аударма ісі, тарихқа бағыттаған жөн.