Біз тестілеп көрген ASUS Vivobook Pro 14 OLED осы дәстүрден айнымаған екен. Контент жасауға арналған деген санатқа кіретін құрылғы іш құрылысы тұрғысынан да, дисплейінің сапасы жағынан да, дизайнымен де бірден назар аудартады.

Біз фриланс, моушн-дизайнер Сұңғат Анапияның көмегімен Vivobook Pro 14-тің шын мәнінде қандай аппарат екенін анықтауға тырыстық.

ASUS Vivobook Pro 14 OLED. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ноутбук сипаттамасы

Процессор AMD Ryzen 5 5600H немесе AMD Ryzen 7 5800H
Операциялық жүйе Microsoft Windows 10 (Windows 11-ге тегін өту мүмкіндігімен)
Видеокарта AMD Radeon Graphics, NVIDIA GeForce RTX 3050, такт жиілігі 1500 МГц дейін (35 Вт GPU Boost функциясымен, 50 Вт Dynamic Boost функциясымен)

NVIDIA Max-Q технологиясы – кез келген жағдайдағы оңтайлы жұмыс

Дисплей 14″, 90 Гц
WQXGA+ (2880 x 1800) 16:10
Жауап қату уақыты: 0,2 мс
Жарықтығы: 400 кд/м² (600 кд/м² дейін баруы мүмкін)
DCI-P3: 100%
PANTONE Validated сертификаты
антиблик жабын
Оператив жады 8 ГБ DDR4 немесе 16 ГБ DDR4
Жады 512 ГБ SSD
Порттар мен ағытпалар 1x USB 3.2 Gen1 Type-A
1x USB 3.2 Gen1 Type-C
2x USB 2.0 Type-A
1x HDMI 1.4
1x 3,5 мм әмбебап аудиоағытпа
Кардридер Micro SD
Басқару NumberPad тачпады

Жарығы бар клавиатура

Камера 720p HD
Арнайы пердешемен жауып қоюға болады
Аудио harman/kardon (Mainstream)
Желі Wi-Fi 6
Bluetooth 5.0
Аккумулятор 63 Вт·с, литий-ионды
Салмағы 1,40 кг
Ұзындығы, ені, қалыңдығы 31,74×22,85×1,93 cм

Сырт көрінісі

ASUS Vivobook Pro 14 OLED. Фото: Бақдәулет Әбдуалы
ASUS Vivobook Pro 14 OLED. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

ASUS Vivobook Pro 14X OLED бірден назар аудартады. Корпусы металдан жасалған және көзге жағымды, стильді көрінеді. Ал көлемінің шағындау болуы және жеңіл салмағы алып жүруге қолайлы болмақ. Қолға алғанда бөлшектерінің сапалы түрде жасалып, мықты құрастырылғанын сезесіз.

Жалпы, Vivobook ерекше дизайнға ие. Қақпағындағы үшөлшемді ASUS логотипі де, Enter батырмасындағы өрнек секілді айрықша детальдар да аппаратты бірегей қылып, бөлектеп тұрады.

Мен бір кездері тағылымдамадан өтуші болып істеген продакшн-студияның кеңсесі Әл-Фараби-Назарбаевта орналасқан болатын. Салмағы 2 келіден асатын ноутбугымды арқалап, сол жаққа қатынаушы едім. Жалпы, қала ішінде ауыр ноутбукті рюкзакқа салып, тасуды креатив адамдары жақсы біледі. Тіпті құрбыларыммен ноутбукты бірінші кезекте салмағына қарап таңдадық деп әзілдесіп жатамыз. Ал мына ноутбук өте жеңіл екен, бірақ онысы сапа тұрғысынан күмән тудырмайды, осал емес, — дейді Сұңғат. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ноутбуктың салмағы бар болғаны 1,4 кг. Оған эрганомикалық корпусын қосыңыз. Ашылып тұрғанда да, жабық тұрса да мән бермей өтпейсің. Жұқа жиекті дисплейінің диагоналі 14 дюйм болатын ASUS Vivobook әрі дисплейдегі дүниені барынша ашып көрсететін, әрі көп орын алмайтын қасиетке ие. 

Сұңғаттың айтуынша, оған құрылғының дизайны геймиң ноутбугына ұқсамайтынмен ұнапты: «Көзге жағымды және геймерлік «от, жалын» суреттері жоқ. Іскерлік ұстамды болса да, сүйкімді дизайн. Жалпы, дизайн жақсы не жаман болмайды, тек иесіне жарасатыны бар, жараспайтыны бар шығар. Бұл ноутбук, меніңше, клиентпен кездесуге барғанда иесінің іскерлік талғамы туралы хабар береді дер едім. Әрі тасығанға қолайлы, сапарға жеңіл, ыңғайлы жасалған».

Экраны, дисплейі

Vivobook Pro 14 рұқсаты 2,8K болатын OLED-дисплеймен жабдықталған. Жиегі аса жұқа (NanoEdge), сондықтан дисплейдің пайдалы көлемі 84%-ті құрайды. Аса жарық және алуан түрлі түсті қамтып, көрсете алады.

Мен бос уақытымда моушн дизайнермін. Ал бұл саладағы мамандар ноутбукте анимация жасаудың қиын екенін біледі. Сондықтан бұл Vivobook-ты алғаш қолыма алғанда сыртындағы «Adobe софттарына икемделген» деген жазуды көріп, бірден тексергім келді. Adobe софттарын орнатып алдым да, өзім қолданып жүргендеріммен тест жасадым. Әрине, ноутбукпен толыққанды, ауқымды, кәсіби анимация жасай алмасым түсінікті еді. Бұл — қолымдағы ноутбуктың ғана ерекшелігі емес, жалпы осы санаттағы техникаға тән дүние. Алайда мұны жұмсартар, көзіме жағымды болған бір тұсы бар — ол ASUS Vivobook Pro 14 OLED экраны. Ноутбугының экранына көңілі толатын дизайнер жоқтың қасы деуге болады. Әсіресе әлдебір жұмысты әзірлеп болып, клиентке жіберсе, оны клиент телефон арқылы ашса немесе басқа бір экраннан көрсе, арада конфликт туады. Бір экранның беретін түсін басқа экран басқа реңде береді, — дейді өз пікірінде Сұңғат. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сұңғаттың сөзіне қарағанда, дизайнер өз жұмысына барынша сенімді болуы үшін экран түстері маңызды. Себебі түс әр экранда әртүрлі болады. Бұл негізінен командада жұмыс жасайтын дизайнерлерге танысырақ. Мысалы, интерфейс дизайнерлері алдымен қолданбаның прототиптерін визуал эстетикаға қатты көңіл аудармай жасайды, бірақ кейін иконкалар, батырмалар мен жалпы интерфейстің түсін мыңдаған қолданушыға жағымды қылуға тырысады. 

Сіз иллюстратор, диджитал-артист, интерфейс немесе графика дизайнері, я SMM-менеджер болсаңыз, осы ASUS секілді экраны күшті ноутбукпен жұмыс жасау қажет, сонда клиент те жұмысыңыздың түсіне байланысты түзетулер көп айтпайды. Қолыңда дисплейі жағымды ноутбуктың болуы әрқашан қуаныш деп ойлаймын, — дейді өз пікірінде Сұңғат. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алайда ASUS Vivobook Pro 14 OLED тек дизайнерге жарайды деп айтсақ, қателескен болар едік. Ноутты күнделікті мультимедиа контент тұтынуға, яғни фильм не сериал қарауға, басқа да материалдармен жұмыс істеуге өте қолайлы. Оның үстіне зиянды көк түс мұнда 70%-ке аз. DisplayHDR 600 True Black сертификаты қара түстерді тұнық, қанық беруге көмектеседі. Жауап қату уақыты бар болғаны 0,2 мс, яғни экрандағы сурет бұлдырамай, анық көрсетіледі. Бұл сөзімізді Сұңғат та растап отыр.

Жұмыстан бөлек фильм де көрдім. Гай Ричидің екі туындысын (ал бұл режиссердің түстерді қаншалық шебер қолданатынын білесіз), кәрістердің «Таксист» фильмін, анимелер қарадым. Ұнады. Жалпы визуалдың сапалы болуы адамға, дизайнерлерге ноутбук өнімділігінен кейінгі жақсы бонус деп ойлаймын, — дейді ол. 

Жады, видеокартасы

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Vivobook Pro 14 OLED кез келген дерлік тапсырманы орындай алады. Оған AMD Ryzen жылдам процессоры мен GeForce RTX видеокартасы көмектеседі. Нәтижесінде файлды рендерге қойсаңыз да, стрим жүргізсеңіз де, видео монтаждасаңыз да қиналмайсыз. 

Ноутбуктың сыртында 3D-рендерге, яғни 3D-моделиңге икемделген деп жазылған. Мен осыған арналған Blender деген софтты орнатып, ноутбуктың күшін сынап көрдім. Бұл моделиңке видеокарта да, оператив жад та жеткілікті болды. Blender-мен бір бөлменің моделін жасап көрдім. Куллері қыжылдады, бірақ ноутбук өзі қызбады, — дейді аппаратты тестілеген Сұңғат.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қолымдағы ноутта Adobe Illustrator қолдандым. Сурет салып көрдім. Кейін After effects аштым. Мендегі ноутбуктың оператив жады 8 ГБ болды. Бұл After effects үшін жеткіліксіз. Алайда Illustrator-ға аз емес. Тіпті, біраз дизайнер 4 ГБ-тық RAM-мен табысын тауып жүр. Кейін Adobe Animate-ті көрдім, бір секундтағы 12 кадрды салу қиындау болды. Бірақ бұл ұсынылған софтпен біраз дүние бітіруге болады екен, — дейді ол. 

Клавиатура, тачпад, қосылу тетіктері

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ноутбук тым қызып кетпеу үшін бұл құрылғыда екі желдеткіші бар салқындату жүйесі қойылған. Оны MyASUS қосымшасы арқылы басқарып отыруға болады. Өндірушілердің айтуынша, ноуттың жеңіл, жұқа болғанына қарамастан, барлық бөлшек температурасы қауіпсіз деңгейде қала береді екен.

Сондай-ақ аппарат Harman Kardon сертификаттаған сапалы аудиожүйемен жабдықталған. Ал сырттан келетін шуды жасанды сана басып, алып тастап отыруға тырысады. Бұл видеоқоңырау кезінде өте қолайлы.

720 рұқсатты камерасы бар, оны қаласаңыз, арнайы пердешемен жауып қоя аласыз.

Клавиатурасы мен тачпады өте қолайлы әрі сәнді. Жоғарыда сөз болған Enter батырмасы, сондай-ақ ESC ерекшеленіп тұрады. Сонымен қатар клавиатураның адамға қарай сәл еңкейіп орналасқаны ыңғайлы.

Айтпақшы, бір деректерге қарағанда, ноутбукты әзірлеу кезінде ASUS компаниясы музыка студияларынан шабыт алыпты.

Бұл ноутбукте текст терген компьютерге қарағанда әлдеқайда ыңғайлы екен. Арқама жастық жастанып, алдыма ноутбук қойып текст теріп отырмын. Қараңғы батқанда көзім клавиатураға жетпеді. Бірақ клавиатурасында жарығы бар болып шықты. Егер текстпен жұмыс жасайтын дизайнер болсаңыз, презентациялар, құжаттар толтырсаңыз, ноутбук ыңғайлы, — дейді Сұңғат. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қорытынды

ASUS Vivobook Pro 14X OLED — шағын, алайда өте қуатты техниканың мысалы. Салмағы жеңіл, көлемі шағын, бірақ дизайнерлік тапсырмаларды оп-оңай атқара алады. Сондықтан өзіңізбен алып жүріп, қалаған жұмысыңызды бітіре аласыз.

Видеокартасы ойын ойнауға да, фото немесе видео өңдеуге де мүмкіндік береді, ал OLED экран дисплейдегі суретті көзге жағымды етіп жеткізеді. Дыбыс сапасы аса жоғары, тіпті құлаққап кимей-ақ музыка тыңдап, кино қарап отыра бере аласыз. Бір сөзбен айтқанда, күнделікті кез келген шаруаны атқаруға жарайтын әмбебап құрал.

Өзіңізге ноутбук қарап жүрсеңіз, мына Vivobook-тың келесі артықшылықтарына мән беріңіз дер едік:

  • Корпусы металдан әзірленген
  • OLED-дисплей түстерді дәл береді әрі анық, жарық
  • 2880х1800 рұқсаты мен пиксельдердің тығыздығы жоғары деңгейде
  • Көлемі шағын, бірақ өнімділігі мықты
  • Дизайны ерекше әрі тартымды
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
НОУТБУККЕ ШОЛУ ASUS ҚОЛДАУЫМЕН ЖАСАЛҒАНAsus logo