Жиын барысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов Жол картасында 2021 жылға көзделген негізгі 4 көрсеткіш бойынша барлық іс-шараның жүзеге асқанын айтты. Тіпті, кейбір индикаторлар асыра орындалған.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 92%-і электрон түрде көрсетілді. Азаматтардың электрон қызметтерді өз бетінше алу көрсеткіші 2018 жылғы 31 миллионнан 2021 жылы 63 миллионға дейін өсті. ХҚО, egov, egov mobile және банктердің қосымшалары арқылы да мемлекеттік қызметтер көрсету арналарын ұлғайту жұмысы жүргізіліп жатыр. Азаматтардың барлық мемлекеттік қызметті бір терезеден алу мүмкіндігін қамтамасыз ету осы жылы 92%-ке, ХҚО-ын азаматтарға онлайн-кеңес беруге қайта бағдарлау 20%-ке орындау көзделсе, бұл жоспар сәйкесінше 96 және 22% артығымен орындалды, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, азаматтарға мемлекеттік органдарға өз өтініштерін электрон түрде жолдауға мүмкіндік беретін e-Otinish ақпараттық жүйесі қазіргі таңда барлық мемлекеттік органда енгізіліп, тәжірибеден өтіп жатыр.
Сонымен бірге әлеуметтік салада төлемдердің 14 түрі проактив форматта іске асырылды. Мәселен, тууды тіркеу бойынша қызмет 3 жылдан бері проактив түрде көрсетіледі. Яғни, азаматтар үйден шықпай-ақ SMS хабарлама арқылы туу туралы куәлікті рәсімдей алады. Жыл соңына дейін жерлеуге арналған біржолғы төлемді де проактив тағайындауды іске асыру жоспарланып отыр.
Саладағы жаңалықтардың бірі – еgov mobile мобайл қолданбасындағы «Цифрлық құжаттар» қызметі. Бұл қызмет азаматтарға қағаз жүзіндегі баламасының орнына сандық құжаттарды ұсынуға мүмкіндік береді. Бүгінде цифрлық құжаттарды пайдаланушылар саны – 5 985 431.
Кеңес мүшесі Майра Айсина жыл сайын 20 миллионға дейін қызмет көрсететін аталған сала халықтың талқысы мен сынына ең көп ұшырайтынын алға тартты. Ол мәселесін шешу үшін тұрғындардың әлі де талай мекеменің табалдырығын тоздырып, ұзынсонар кезекте тұратынын, мұның соңы түрлі жанжалға ұласып жататынын жасырмады.
Бұл проблеманы шешу Цифрлық даму министрлігінің құзырына кіретін қызмет көрсету саласын ғана тұрақты дамытумен шектелмегені жөн. Ең бастысы, қызметтерді электронды түрде ұсынуға қатысты барлық мемлекеттік органдардың қарым-қатынасын өзгерту қажет. Өйткені олардың ақпараттық жүйелерінің тиімділігі көңіл көншітпейді. Бүгінде мемлекеттік секторда 400 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әрқайсының дерек базасы үлкен. Бірақ сапасы өте төмен. Деректерді қолмен енгізуге байланысты көптеген қате жіберілген және жүйелердің көпшілігі сол деректерді қайталайды. Сондықтан бұл жерде біртұтас құрылымдық тәсіл қажет. Әрине, бүгінде ол бар, бірақ мемлекеттік органдар тарапынан мүдделілік жоқ, — деді Майра Айсина.
Кеңесте қызмет көрсетудің белгіленген мерзімін сақтамау, мерзімін өткізіп алу, одан бас тарту сияқты көптеген кемшіліктер де мемлекеттік органдардың кінәсінен орын алатыны айтылды. Мәселен, өткен жылы бес мемлекеттік орган: Ішкі істер, Еңбек, Білім, Индустрия министрліктері мен жергілікті атқарушы органдардың қызмет көрсету мерзімін өткізіп алу көрсеткіші 99,2% болды. Ал қызмет көрсетудің белгіленген мерзімін сақтамау көбіне-көп техникалық ақауға байланысты орын алса, өткен жылы 9 мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде 243 сағатқа іркіліс болған. Қызмет көрсетуден бас тарту көрсеткіші де 90%-тен асады.
Осы орайда, партиялықтар ақпараттық жүйелер арқылы мемлекеттік қызметті барлық мемлекеттік орган көрсеткенімен, олардың ешқайысы деректердің өзектілігі, іркілістер, қателер үшін жауапкершілік алмайтынына назар аударды. Яғни, ақпараттық жүйелерде сапасыз қызмет көрсеткені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігі нақты бекітілмеген. Ал сол кезде, ақпараттық жүйелердің жұмысына, оны жетілдіруге қазынадан миллиардтаған қаражат бөлінеді.
Сондықтан орталық және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда арттыру қажет. Цифрлық даму министрлігіне барлық қызмет көрсетушінің ақпараттық жүйелерінің жұмыс қабілетін бақылау функциясын берген жөн, — деді Майра Айсина.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Азаматтарға арналған үкімет» МК қызметкерлері жалақысының төмендігі, олардың түрлі әлеуметтік бағдарламалардың игілігін көре алмай отырғанын алға тартып, вице-министрден осы бағытта ведомстваның қолға алған істері туралы сұрады. Цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысов министрлік қызметкерлерді ынталандыру үшін жұмысын жақсы атқарғандарды қаржылай көтермелеу шараларын жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Матрица.кz» медиа-тобының жетекшісі Серік Мәмбетов электрон қызметтер туралы жұртшылықты кеңінен хабардар ету туралы ұсынысын айтты. Себебі, көп мемлекеттік қызметті электрон түрде алуға болатынын екінің бірі біле бермейді.
Жиын соңында сала қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру, кадр тапшылығы мәселесін шешу, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру және жоғары стандарттарға сай қызмет көрсету бағыттарында Цифрлық даму министрлігіне өз ұсыныстарың жолдау ұсынылды.