Ілбіс деп аталатын осы жануар тұңғыш президенттің «Қазақстан-2030» жарлығының, Алматының елтаңбасы мен 2011 жылғы «Қысқы Азия ойындарының» символына айналды, сондай-ақ 1999 жылдан бері ерекше еңбегі үшін ІІІ дәрежелі «Қазақ барысы» ордені табыстала бастады. 2015 жылы «Барыс Арена» спорт комплексі ашылды. 1999 жылы 26 қарашада құрылған астаналық хоккей командасына да ұлттық символдың құрметіне «Барыс» атауы берілді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, елімізде 150-ге жуық қар барысы бар. Олар ерекше қорғалатын 9 табиғи аумақта мекендейді. Атап айтқанда, «Іле Алатауы», «Жоңғар Алатауы», «Көлсай көлдер», «Қатон Қарағай», «Сайрам-Өгем», «Шарын», «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі», «Ақсу-Жабағылы» және «Алматы» мемлекеттік табиғи қорықтарында кездеседі.

Қар барысы 2700-5000 метр биіктікте өмір сүреді. Құйрығының ұзындығы 1 метрге, дене тұрқы 2,1 метрге жетеді. Ілбіс Қазақстаннан бөлек Қытай, Моңғолия, Индия, Непал, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Ресей, Ауғанстан, Бутан және Өзбекстанда мекендейді.

Жер бетіндегі қар барысының жалпы саны − 4-6 мың. Басты қорегі – таутеке, елік, марал сияқты жануарлар. Ал адамдардың ормандар мен таулы жерлерді иемдене бастауы бұл жыртқышты басқа жерлерге қоныс аударуға итермеледі.

Фото. Nationalgeographic.com

Барыстар тек екі жылда бір рет, қыстың соңында немесе көктемнің басында күшіктейді. Бір туғанда екі-үш аланды өмірге әкеледі. Жаңа туған барыс алғашқы 6 апта анасының сүтімен қоректеніп, одан кейін жемтік іздеуге шыға бастайды. Бірақ өз бетінше өмір сүруге 2 жасында толық дайын болады. Қар барысының аталығы 45-55 келі тартса, ұрғашысы 22-40 келі шамасында.

Фото. Nationalgeographic.com

Қар барысы негізінен 13 жыл, кейбіреуі арагідік ғана 20 жылға дейін өмір сүреді екен.

Барыстың терісі қымбат, шамамен 10 мың доллар. Алайда Қазақстанда қар барысын аулағандарға 2 мың АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қылмыстық жаза тағайындалса, атқан адам 7 жылға бас бостандығынан айырылады. Дегенмен, кейінгі 10-15 жыл көлемінде Қазақстанда қар барысына оқ ату оқиғасы тіркелмеген екен.

БҰҰ Даму бағдарламасы шеңберінде «Қар барысын сақтау жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары» әзірленді. Ауқымды жобаның мақсаты − қар барысының популяциясын ғылыми зерттеу. Қазіргі күні фототұзақ арқылы «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағында қар бырысы мекен ететіні анықталды.

«Алматы» қорығы ғылыми қызметкерінің айтуынша, 7 жыл бұрын Көлсайға 25 аппарат қойылған. Алайда ол жерден барыстар нысанаға ілігеді деген сенім болмапты. Бірақ бір жыл ішінде 13 қар барысы фототұзаққа түскен. Жалғыз жүргендер де, күшіктерін ерткендер де баршылық. Қазір қорықта фототұзақтың саны едәуір артыпты.

Ал 2019 жылы қараша, желтоқсан айларында барыстар Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары орнатқан фототұзаққа түсті.

Айта кетерлігі, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы офисі 2019 жылы 300 фототұзақ сатып алып, оларды қорықтар мен ұлттық табиғи парктер меншігіне грант ретінде беріпті. Мамандар құрылғының арқасында жабайы мысықтардың жай-күйін, санын, азықтану мүмкіндігін, оларға төнетін қауіп пен қатер көлемін анықтай алады. Құрылғының камерасы жыртқышты қос қапталдан да суретке түсіреді. Фототұзақ кез келген ауа райы жағдайында және тәуліктің қай уақытында да жұмыс істей береді. Құрылғының қуаты 2 жылға еркін жетеді.

Фото. Nationalgeographic.com

Қар барысы – саны, таралу ауқымы жағынан Қазақстанның Қызыл кітабында үшінші санатқа енген. Мысық тұқымдастардан мүлде айырылып қалмас үшін мемлекет үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Айтпақшы, 23 қазан Халықаралық қар барысы күні ретінде аталып өтіледі.

Қар барысын қорғау бойынша бірнеше ұйым әрекет етіп жатыр. Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (ҚБСА), Қазақстан Зоология институты, Қазақстанда БҰҰ даму бағдарламасы, Ғаламдық экологиялық қор, Қазақ географиялық қауымдастығы, Дүниежүзілік табиғатты қорғау қоры, Қар барысын сақтау бойынша Нұрәлі Әлиевтің Snow Leopard Foundation қоры, WWF Орталық Азия бағдарламасы, Экожүйені сақтау бойынша халықаралық ынтымақтастық қоры, Carlsberg Kazakhstan компаниясы және Халықаралық жабайы табиғат қоры жүйелі жұмыс істеп келеді.

Ілбісті ғана емес, оның таралу аймағын қамтитын бірегей жобаларға халықаралық ұйымдар тарапынан әжептәуір қаржы бөлінген. Осыған байланысты бірнеше жыл қатарынан Қырғызстан астанасында өтіп келе жатқан «Қар барысы мен оның экожүйесін қорғау» халықаралық форумында Ресей, Қазақстан, Қырғызстан зоология мамандары бір мақсат аясында жұмылдырылып, ортақ мәселені оңтайлы шешу мәселелері талқыланды. 2015 жылы Carlsberg Kazakhstan компаниясы мен Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының  (ҚБСА) атсалысуымен іске қосылған «Ирбис» жобасы Қызыл кітапқа енген қар барысының Қазақстан аумағында сақталуына мүмкіндік беріп, санын арттыру мақсатында бірқатар кешенді жұмыс атқарды.