«Жасыл» аймақтағы өңірлерде жаңажылдық кештер өткізуге рұқсат па?

Бұл туралы денсаулық сақтау министрінің орынбасары, бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты.

Қазіргі таңда қатысушылардың саны талаптағы мөлшерден асатын болса, көпшілік іс-шараларды өткізуге рұқсат етілмейді. Ashyq жобасына қатысатын шағын және орта бизнес объектілері қатысушылардың бәрінде «жасыл» мәртебесі болған жағдайда және карантин талаптарын сақтаса ғана ондай кештер өткізе алады. Әр өңірдегі шектеу талаптары қандай аймақта орналасқанына байланысты, — деді ол «Қазақпарат» агентігіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, «жасыл» аймақта шара өтетін залдың сыйымдылығы 50%-ке дейін ғана пайдаланылуы керек. Оның өзінде адам саны 100-ден аспауы шарт.

«Сары» аймақта кешеннің сыйымдылығын 50%-ке дейін, бірақ келушілер санын 70 орыннан асырмай пайдалану қажет.

«Қызыл» аймақта келушілер саны 50 адамнан аспауға тиіс. Ал залдың сыйымдылығы бұл талаптан төмен болса, 50% ғана жүктелім болуы шарт.

Ерлан Қиясов қазақстандықтарды мейілінше ұжымдық Жаңа жыл кештеріне қатыспуға үндеді.

Ashyq жобасына қатысатын объектілерде салтанатты кештерді, отбасылық және еске алу шараларын өткізуге рұқсат етілгенімен, коронавирус инфекциясының таралу қаупі өте жоғары. Сондықтан, адам көп жиналатын орындарға барудан мейлінше тартынып, дәстүрлі Жаңа жыл кештеріне қатыспауға кеңес береміз, — деді бас санитар дәрігер.