«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі басшысының орынбасары мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлға ретінде қабылдаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұза отырып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.
Оның атына тіркелген ЖК Теміртау Мәдениет сарайына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жауыртаудағы кездесу» фестивалін өткізу бойынша 3,9 миллион теңге сомасына қызмет көрсеткен, — делінген хабарламада.
Осыған ұқсас факт Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманына қатысты анықталды.
Оның ЖК мемлекеттік органдар мен ұйымдарға кең тұтынылатын азық-түлік емес тауарларды жеткізумен айналысқан. Аталған тұлғалар Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 154-бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 408 380 теңге көлемінде айыппұл салынды, — делінген Антикор хабарламасында.
Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы жылдың басынан бері әкімшілік құқық бұзушылық туралы 109 іс қозғап, 31,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Әкімшілік жауапкершілікке 100 жеке және 2 заңды тұлға тартылды.