Басты бетЖаңалықтарАуғанстаннан келген...

Ауғанстаннан келген 200-ден астам студент гуманитарлық көмек алды

Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми сайты хабарлады.

Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген ауған студенттері халықаралық көші-қон ұйымынан көмек сұрады. Осыған байланысты Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, ішкі істер министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі гуманитарлық акция өткізді. Ал көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым GFFO (German Federal Foreign Office) қаржылық қолдау жасады.

Акция аясында 200-ден астам ауған студенті қаржылық және консультациялық-құқықтық көмек алды. Олардың ішінде оқуты бітірген азаматтар да бар.

Мәселен, көші-қон комитеті Ауғанстанның 155 азаматына оқу визаларын берді және мерзімін ұзартты. Көмек алғандардың ішінде Мұхаммед Кабир Ехсан да бар. Оның айтуынша, қазіргі кезде ауған жерінде банк жүйесі жұмыс істемейді. Сол себепті ақша жіберуге мүмкіндік болмай тұр.

Қазір біздің отбасыларымыздан ақша алу мүмкіндігіміз жоқ, өйткені елдегі банк жүйесі әлі жұмыс істемейді. Ешкім ақша аудара алмайды. Сондықтан біз БҰҰ — ның көші-қон жөніндегі агенттігі сияқты ұйымдарға сұрау салуды жөн көрдік, — дейді Мұхаммед Кабир Ехсан.

Осы уақытқа дейін гуманитарлық акция Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Нұр-Сұлтанда өткізілді. Ауған студенттеріне құқықтық және консультациялық қолдау жасалды. Ал ең бастысы, олардың құқықтық мәртебесі заңдастырылды.

Әрбір мемлекет қиын өмірлік жағдайға тап болған мигранттарға қатысты қабылдай алатын қолдау шараларының пакетін дербес айқындайды. Акцияның негізгі бағыттарының бірі білім алуды жалғастыру үшін Ауғанстаннан келген азаматтардың Қазақстанда болуының құқықтық мәртебесін заңдастыру болып табылады, бұл олардың көпшілігі үшін құқықтық себептер бойынша ғана емес, тілдік кедергілерге байланысты да күрделі болып тұр. Бұл мемлекеттің міндеті ғана емес, ең алдымен біздің ортақ адами борышымыз, — дейді адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова.