Хосписте қауіпті және созылмалы аурулардан зардап шегетін, соның ішінде қатерлі ісік, жүрек-тамыр аурулары, ЖҚТБ/АҚТҚ, біржақты амиотрофикалық склерозбен ауыратын адамдарға көмектеседі. Дәрігерлер науқастарды жіті қадағалап, тыныстай алмау, шаршау, ішек қатуы, құсу, тәбет жоғалту, ұйқысыздық сияқты симптомдарды басуға көмектеседі. Мұндай жәрдем ауыр халдегі науқастың өзін сәл де болса жақсы сезінуіне оң әсер етеді.

Осындай хоспистерде жатқан егде жастағы науқастарға көмек көрсететін жандар қатарында медбике, диетологтармен қатар 18-19 жастағы волонтерлер де бар.

2019 жылы құрылған «Медицина жастары» бірлестігінде еріктілер қарттарға демеу болып, емделуге көмектесіп, қолдайды дейді ұйым басшысы Абылайхан Әбдіраш.

Волонтерлер. Фото: «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі

«Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі — Қазақстандағы ең ірі волонтер-дәрігерлер ұйымдарының бірі. Қазір бірлестік барлық облысты қамтып отыр. 17 қалада 1 300-ге жуық волонтер-дәрігер үздіксіз қызмет етуге әрдайым дайын. Ұйымның басты мақсаты − науқастар мен ерекше күтімді қажет ететін жандарға көмек беру, − дейді Абылайхан Әбдіраш.

Оның айтуынша, медициналық және әлеуметтік қызметтің бағыты − инкурабель, яғни сырқаты емдеуге келмейтін науқастардың және олардың отбасы мүшелерінің өмірін жақсарту.

Волонтерлер. Дереккөз: «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі

Астанада бой көтерген хоспис жұмысы қатерлі ісіктің IV кезеңі және соматикалық аурулардың терминал кезеңіндегі қарттарды қабылдайды.

Абылайханның айтуына қарағанда, хоспистегі медицина қызметкерлері мен волонтерлер сырқат жанның қайғы-қасіретіне, адам өліміне және қайтыс болған қарттарға деген туған-туыстың қарым-қатынасын көріп, әбден бойы үйреніп кеткен.

Хосписке алғаш келгенде мұның бәрін қабылдау қиынға соқты. Алайда уақыт өте келе, қарттардың мейірімге, жылуға мұқтаж екенін көріп, барынша қолдау көрсетуге тырысып келеміз. Жақындарынан табылмаған жылуды біз сыйлағымыз келеді, − деді волонтер-дәрігер.

Абылайханның мұндай көмек орталығын ашуына анасының әпкесінің қатерлі ісіктен көз жұмуы себеп болыпты.

Биыл анамның әпкесі қатты ауырып қайтыс болды. Сол кезде қасында болып, көмектесе алмадым. Бірақ қалай қиналғанын, өмірінің соңғы сәтін қалай өткізгенін өте жақсы білемін. Содан болар, түрлі жазылмайтын ауруға шалдығып, ақтық күндерін айықпас дертпен күресумен өткізіп жатқан жандардың өмір сапасын жақсартуды азаматтық борышым, адамзаттық парызым деп білемін, − дейді ол.

Волонтерлер. Дереккөз: «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі

Біз әңгімелескен хоспис емделушісі өзіне таяуда күрделі ота жасалғанын айтады. Оның айтуынша, қазір денсаулықты қалпына келтіру кезеңі жүріп жатыр екен.

Салауатты өмір салтын ұстандым. Өкінішке қарай, аурудың қайдан келгені белгісіз. Көңіл-күйді түсіріп, ұнжырағаннан еш пайда жоқ. Әр күнім соңғы болуы әбден мүмкін. Десе де, өмірге жарқын көзбен қарауға осы волентерлер септесіп жатыр, − деді науқас.

Онкологияға шалдыққан науқастардың 60-80%-і көмекке зәру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, әр қалада емделушілерге үй жағдайында көмек беретін, кем дегенде 10-25 орны бар бір хоспис болуы керек. Мұндай хосписте дәрігер, медбике, әлеуметтік қызметкер және өзге мамандардан тұратын мультидисциплинар топ болуы қажет.

«Медицина жастары» волонтер-дәрігерлер қызметін Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізуді жоспарлап отыр. Ұйым басшысы болашақ дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жыл сайын арттырып, шетелдік ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнататынын жеткізді.

Хосписте адам өмірінің соңғы күндерін өткізеді. Сондықтан оның өмір сүру сапасын жақсарту — басты міндетіміз. Емделушіге тиісті көмек берілсе, ол ауруды сезбейді, өмірге деген құлшынысы оянады. Біздің көмек өлімді емес, өмірді үстем етеді, − деді Абылайхан Әбдіраш.