Оның айтуынша, биыл мұнай өнімдерінің негізгі түрлері бойынша 4,7 миллион тонна бензин, 4,8 миллион тонна дизель отыны, 2,4 миллион тонна мазут, битум 933 мың тонна және 600 мың тонна авиакеросин өндірілді.
Өздеріңіз білетіндей, биыл тамыздан қазанға дейін жанар-жағармай нарығында дизель отынының тапшылығы байқалды. Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды. Біріншіден, автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды, екіншіден, Атырау мұнай өндеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмысы 2022 жылға ауыстырылды, — деді министр Үкімет отырысында жасаған баяндамасында.
Министрдің айтуынша, биыл елімізде мұнай өнімдерін өндіру 13,1 миллион тоннаға жетті.
Дизель тапшылығымен күресу мақсатында Павлодар мұнай өндеу зауытының жөндеу жұмысы биылғы жылдың қыркүйек айынан қарашаға шегерілді. Одан бөлек, Ресей Федерациясының мұнай өндеу зауыттарынан 281 мың тонна дизель отыны импортталды. Осы аталған жедел шаралар арқасында елдегі дизель отыны нарығында жағдай тұрақталды, — дейді ол.