Министр: Қаңғыбас иттердің санын өлтірмей-ақ реттеуге болады

Министр бұл мәселе арнайы заң жобасында егжей-тегжей қарастырылғанын айтты.

«Жануарларды күтіп ұстау жауапкершілігі туралы» заң жобасының 24-бабы бойынша оларды аулау, уақытша ұстау, өлтіру шаралары Қазақстан заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Заң жобасының 25-бабының 2-тармағы бойынша, қаңғыбас жануарлардың санын улау, химикаттар пайдалану сияқты кез келген тәсілмен өлтіру арқылы реттеуге тыйым салынады. Бұл жануарларға гуманды қарым-қатынас таныту қағидаты мен халықтың денсаулығын, өмірін қауіп-қатерден қорғау қағидаттарын теңгерімде қолдану арқылы іске асуы керек, -деді министр.

Серікқали Брекешев аталған құжатта тіпті осы іске маманданған мекеме өкілдеріне шектеу қойылатынын мәлімдеді.

Бұл ережеде жануар аулау қызметтеріне хайуандарды басқа жағдайларда да өлтіруге тыйым салынады. Заң жобасының ең негізгі идеясы қаңғыбас жануарлардың санын гуманды жолдармен реттеу арқылы өлтіруге тыйым салуға бағытталған. Бұл: аулап ұстау, иесін табу, вакциналау, стерильдеу және еркін табиғатқа жіберу. Сонымен бірге, қаңғыбас жануарларды аулап, өлтіруге қарастырылған қаражатты толықтай жаңа тәсілді іске асруға бағыттау көзделіп отыр, — деді министр.