Нұр-Сұлтанда қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» республикалық съезі өтіп жатыр. Министр ең алдымен съезге қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.
Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің өзіндік білім беру мен ғылым жүйесі қалыптасты. Ауыз толтырып айтатын жетістіктер жетерлік. Осы жылдары 2 мыңнан астам мектеп салынды, төрт ауысымдық мектептер мәселесі шешімін тапты. Сонымен қатар балаларды балабақшамен қамту мәселесі шешілді, — деп айтты Асхат Аймағамбетов.
Білім және ғылым министрі съездің негізгі тақырыбына тоқталды.
Бүгін маңызды мәселені көтеріп отырмыз. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің берілу сапасы, оларды оқыту мәселелерін ашық талқылаймыз. Бүгін пленарлы отырыста түйіткілді проблемалар көтерілді. Әрине осы мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын іздемесек, әрі қарай дамымайтынымыз белгілі. Бізде пән көп. Математика да, физика да, химия да, ағылшын тілі де, дене шынықтыру да маңызды. Бірақ біз съездің алғашқы жұмысын қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінен бастап отырмыз. Өйткені бұл пән біз үшін аса маңызды. Сол себепті мұндай съездер басқа да пәндер бойынша ұйымдастырылады, — деді министр.