Басты бетЖаңалықтарАнтикор қызметкерлері...

Антикор қызметкерлері Алматы облысында судья кеңсесін тінтіді

Бұл туралы Жоғарғы Сот аппараты басшысының орынбасары Елдос Жұмақсанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, тергеу шаралары 21 желтоқсанда Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот судьясы кеңсесінде жүргізілген.

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік бөлімімен бірлесе отырып, Алматы облысы экономикалық сот судьясының қызметтік кеңсесінде тінту іс-шараларын жүргізді. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды, — деді Елдос Жұмақсанов.

«Время» газеті мәліметінше, іс судья Алмагүл Түменбаеваға қатысты. Газет мәліметіне сүйенсек, ол 1,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

19 желтоқсанда Жоғарғы Соттың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен ішкі қауіпсіздік бөлімі 1,5 миллион теңге көлемінде пара алған Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясын әшкереледі. Бұл ақшаға ол апелляциялық сатыда өз шешімін күшінде қалдыруға көмектесуі керек болған, — деп жазды газет.