Қазақстанда ресейлік нөмірмен жүрген 80 мыңға жуық көлік заң талабына сай емес екен. Себебі бұрынғы иелері көлікті сатқан соң Ресейдің өзінде тіркеуден шығарып тастаған. Заң бойынша, мұндай автомобильдер келген жерінде, яғни Қазақстанда тіркеуге қойылуы керек.
Бұдан бөлек, іздеу салынған және сот санкциясы бар көлік те аз емес. Осыған байланысты ішкі істер органдары заң бұзған көлік иелерін тексеруге кірісіпті. Алматы Полиция департаментінің дерегініне сүйенсек, еш жерде тіркеуде жоқ көліктің бәрі айыппұл тұрағына қойылып жатыр.
Алматы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 210 мыңға жуық көлік ресейлік нөмірмен жүргенін айтады.
Соның ішінде ұрланған автокөліктер де бар. Ресей Федерациясы ұсынған ақпарат бойынша, ұрланған 600 көлік Қазақстанға өтіп кеткен. Ал 80 мың көлік еш жерде тіркелмеген. Себебі көрші елде мұндай көлік сатып алу шарты негізінде автоматты түрде тіркеуден шығып қалады. Ал Қазақстан азаматтары елге оралған соң алған көлігін тіркеуге қоймаған, − дейді баспасөз өкілі.
«Жол жүрісі туралы» заңның 66-бабы бойынша Еуразиялық экономикалық одақ аумағында сатып алынған көліктер 10 күн ішінде уәкілетті органда тіркеуге қойылуы шарт. Осы талап орындалмаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы, 2-тармағы («Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiкті басқару») бойынша көлік иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш (29 170 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал көлік айыппұл тұрағына қойылады.
Салтанат Әзірбек көлікті айыппұл тұрағынан шығару үшін ең алдымен әкімшілік хаттамада көрсетілген айыппұлды төлеу керектігін жеткізді. Оның айтуынша, бұдан кейін көлікті заңдастырып, мемлекеттік тіркеуге қою қажет. Осы құжаттар негізінде көлікті айыппұл тұрағынан шығаруға болады.
Сонымен бірге баспасөз хатшысы ресейлік нөмірі бар көлік тіркеуге қалай қойылатынын айтып өтті.
Қазақстанда көрші елдің көлігін тұрақты тіркеуге қою үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. Ең алдымен, көлік иесі бірнеше төлем жасап, қауіпсіздік куәлігін алу керек. Олар: утилизациялық алым, алғашқы тіркеудің ақысы, көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік. Сонымен қатар апат кезіндегі шұғыл шақыру жүйесін алу қажет, − деді Алматы Полиция департаментінің өкілі.
Осыған байланысты утилизациялық алым мен алғашқы тіркеудің ақысы қанша екенін анықтап көрейік. Утилизациялық алым айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. 2021 жылда бір айлық есептік көрсеткіш 2 917 теңге болып белгіленді. Утилизациялық алым қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді. Оның «50 АЕК х коэффициент» деген нақты формуласы да бар. Мұндағы коэффициент 3 (қозғалтқыш көлемі 1 000 см3-ге дейін болса), 7 (2 000 см3-ге дейін) немесе 10 (3 000 см3-ге дейін) болып өзгеруі мүмкін.
Осы формулаға салсақ 2021 жылы утилизациялық алым 437 550 теңге (1 000 см3) не 1 020 950 (2 000 см3 теңге), яки 1 458 500 теңге (3 000 см3) көлемінде төленеді.
Көлікті мемлекеттік тіркеуге алғаш рет қойғаны үшін арнайы төлем де айлық есептік көрсеткішпен есептеледі және көліктің шығарылған жылына қарай төленеді.
Мысалы, автомобиль «жасы» 2 жылға дейін болса, 0,25 АЕК (729 теңге), 2-3 жыл – 50 АЕК (145 850 теңге), 3 жылдан жоғары – 500 АЕК (1 458 500 теңге) санап беру қажет.
Баспасөз хатшысы көлік Қазақстанның техникалық регламентіне сай болуы шарт екенін еске салды.
Ол үшін көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік алу қажет. Оны облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан сертификат орталықтарында рәсімдейді. Соған барып, өтініш жазып, құжат тапсыру керек. Орталық мамандары барлық құжат негізінде автокөлікдің сәйкестендіру нөмірін тексереді. Одан кейін көлікті қарап шығады. Машина «Евро-4», «Евро-5» немесе «Евро-6» талаптарына сәйкес болуы шарт. Егер көлік қауіпсіздік талаптарына сай келмесе, мемлекеттік тіркеуге қойылмайды. Мамандар мұндай көліктерді қайтадан көрші елге апарып, сатып көруге кеңес беріп отыр, я болмаса, бұзып, бөлшекпен сатуға тура келеді. Басқа амал жоқ, − деді Салтанат Әзірбек.
Айта кетерлігі, Ресей Федерациясында тіркеуде тұрған көлікпен Қазақстанда жүруге болады. Тіркеуде тұру үшін жүргізушінің атына бас сенімхат пен сақтандыру полисі ресімделуі шарт. Алайда бұл жағдайда көлік иесіне 12 айда бір рет Қазақстан аумағынан шығып тұруға тура келеді. Техникалық байқау да көрші елде жасалады. 30 күннен қайтадан кіруге рұқсат бар. Ал сату-сатып алу шарты негізінде рәсімделген көлікті мемлекеттік тіркеуге қою қажет. Себебі ол көрші елде автоматты түрде тіркеуден шығарылады.
Бұдан бөлек, баспасөз хатшысы 2008 жылдан бастап Қазақстанда оң жақ рөлі бар көліктер тіркеуге қойылмағанын еске салды.
Мұндай автокөлік Ресейде тіркеуде тұрса, бас сенімхат және сақтандыру полисімен жүруге болады. Ал бұрынғы иесі көлікті келісімшартпен сатып, тіркеуден шығарып тастаса, жаңа иесі онымен жүре алмайды. Қазақстанда мемлекеттік тіркеуге де қоюға рұқсат жоқ, − деді полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек.
Қазір криминал көліктерді тәркілеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі Ресей Федерациясынан жауап күтіп отыр екен. Соның негізінде ұрланған және іздеу салынған көліктерге қатысты шара қолданылады. Заңгерлердің айтуынша, мұндай көліктер тәркіленеді.
Алматы әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтың айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік тіркеуде 4 миллион 200 мың көлік тұр. Ол адамдардың бәрі заң аясында есепке алынған. Сондықтан басқалар да талапты сақтауға тиіс.
Заңда белгілі бір санатқа кіретін адамдар үшін жеңілдік қарастырылмаған. Сондықтан мұндай көліктерді тіркеуге қоюға кеңес береміз, я болмаса, бұрынғы иелерімен құқықтық мәселесін реттегенше көлікті пайдаланбай тұрғаны дұрыс, − деді Серік Түсіпов.
Алматыда жыл басынан бері көлігі Ресейде тіркелген жүргізушілер заңды 60 мыңға жуық рет бұзыпты. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы − 21,3 миллион теңге.
Жол қозғалысына қатысушылардың осы санаты көлік жүргізу ережесін жиі бұзады. Шет мемлекеттердің нөмірлері «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» және «Сергек» автоматтандырылған ақпараттық жүйелері арқылы танылмайды деп жаңылысады. Жылдамдықты шектен тыс асырады. Бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамай, қиылыстарды кесіп өтеді. тыйым салынған жолақтан өтіп, жол белгілері мен таңбалау талаптарын сақтамайды. Мұндай жағдайлар жол апатына әкеп соғады. Түрлі айла-тәсілге бару арқылы жауапкершіліктен жалтару әрекеттері сәтті аяқталмайтынын және нәтижесіз болатынын ресми түрде мәлімдейміз. Заң – бәріне бірдей. Жол қозғалысы ережелері қатаң сақталуға тиіс, − деді баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.