Басты бетЖаңалықтарДархан Қыдырәлі:...

Дархан Қыдырәлі: Ерлік пен елдіктің айы

«Айдан айдың айырмасы жоқ, әлбетте. Әйтсе де, алты Алаш үшін ардақты, қазақ үшін қастерлі де қымбатты бір ай бар, ол – желтоқсан! Терең тарихымызды тұтас тергемей-ақ, тек соңғы тоқсан жылдың төңірегінде ой қорытсақ, желтоқсан ерліктің, еркіндіктің һәм елдіктің айы екеніне көз жеткіземіз!

Бұл орайда «тоқсанға» тоқталуымыздың да өзіндік мәні бар, желтоқсан сөзі осы тоқсаннан таған тартқан. Қыстың шілдесі бас­талатын желтоқсан айын халқымыз кейде «тоқсан» деп те атаған. Жеті қат көкте Ай мен Қамбар жұлдызы бесінші рет тоғысатындықтан жұртымыз кейде «жәді айы» деген. Парсы тілінен енген бұл сөз «қайсар мінезді, белсенді» деген мағына береді.

Боран-бұрқасын басталып, кәрі құда – қыс қаһарына мініп, қыса түсетін тоқсанның басы расында, қайсар мінезді қазақты қайрай түседі. Қапы қалмас үшін қамданады, қажырлы қарекет қылады, жігерін жаниды. Қыран құс ұстап, құмай тазы ерткен сырбаз серілер жүйрік мініп, қырдың қызыл түлкісін алады. Қансонардың қансорпа қызығы қайнайды. Қызыл шұнақ пен шекеден өтер шыңылтыр аяз шымырлыққа шыңдайды. Тәңірге ғана табынатын, еркіндіктің символы саналатын түз тағылары осы айда үйірін бөліп, бөлектенген бөлтіріктер бөріге айналады.

Бораны мен тұманы аралас желтоқсанның түні де қоюланып, қар мен қараңғылық тұтасып кетеді. Соғымнан қағылған, тұтатуға тамызық таппаған жұрт үшін ұйытқып соққан желі мен ұзақ түні тамұқтай көрінеді. Ақыры ұзарған түн шегіне жетіп, шеті сетінейді. Содан түн қысқарып, күн ұзара бастайды. «Әр түнектің таңы бар, қытымыр қыстың жазы бар» дегендей, Самарқанның көк тасы жібіген Ұлыстың ұлы мейрамында күн мен түн теңеледі, барша жұртшылық жақсылыққа кенеледі. Сондықтан желтоқсанды әз Наурыздың сүйіншісі, ізгіліктің хабаршысы деуге де болады.

Ендеше, жылқының жалында өскен жауынгер жұрттың жұрнағы, намысын таптатпаған, арын жанынан артық санаған, бостандық жолында қасық қанын қиятын, қысқан сайын қасарысып, қайтпай күресетін жаны сірі қазақ үшін желтоқсанның ерлік пен еркіндіктің рәмізі болар жөні бар!

Отарлық езгіде ширығып, он алтыншы жылы шыныға түскен Алаш баласы Қазан төңкерісінен кейін іле-шала қамданып, желтоқсан айын­да азаттық үшін атқа қонды. Әуелі, дәлірек айтқанда, 1917 жылы 10 желтоқсанда түгел түркіні түгендеуді мақсат тұтқан Мұстафа Шо­қай бастаған қайраткерлер Қоқанда Түркіс­тан автономиясын жариялады. «Жасасын Түркістан мұхтарияты!» деген ұранмен, зор үмітпен жарияланған автономияның ғұмыры тым қысқа болғанымен, туырлығы бір туыс жұрттың тұтастығына жасалған алғашқы қадам ретінде тарихта қалды.

Тұтас Түркістанның туын тіккен құтты оқиғадан екі күн өткенде, 1917 жылы 12 желтоқсанда Арқа төсінде Алаш автономиясы жарияланды. Күллі қазақтың теңдігі мен елдігін мұрат еткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды Алаш арыстары бастаған қайраткерлер Алашорда үкіметін құрды. Алайда «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді ешкімнің Алашты, Қорлығына бермейміз!» деген бостандық бозторғайының өршіл рухы қызылдардан қиянат көрді. Азаттық аңсаған көп қыршын қылышынан қан тамған озбыр биліктің құрығы мен қырғынынан құтыла алмады.

Бұл орайда тағы бір айта кетерлігі, Алаш көсемсөзінің көш басында тұрған «Қазақ» газетінің жалғасы іспетті оқырманға жол тарт­қан «Ұшқын» да алғаш 1919 жылдың 17 желтоқсанында жарық көрген еді. Арада жетпіс жыл өткенде «Егемен» атауын алған бас басылым елге егемендікті сүйіншіледі.

Заманның зілмауыр батпанын арқалаған буын, сыртындағы зұлматты сілкіп тастауға шамасы жетпесе де шамырқанып, ширыға түсті. Ғасырлар толқыны жасырған қа­сі­ретті қозғаған, қасиетті оятқан, бүгіннің бе­рекелі мезгіл-ме­зіретін жақындатқан сол бір Желтоқсан айын­да бұғауға бағынбай, бұ­ғалыққа көнбеген, жасындай жарқ еткен жалынды жастардың еркіндікке ұмтылған ерен ерлігі Кеңес Одағының іргетасын шайқап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Тә­уелсіздіктің алғашқы қар­лығаштары – Жел­тоқсан қаһармандарының өшпес ерлігі біздің мемлекеттілік тарихымызға мәңгі жазылады» деп тағзым етуі бүгінгі ұрпаққа тағылым!

Сондықтан Тәңірінің теңдессіз тартуы болған тәу етер Тәуелсіздік күнін 1991 жылы 16 желтоқсанда жариялау да, Елбасының елорданы Алматыдан Ақмолаға 1997 жылы 10 желтоқсанда көшіруі де кездейсоқтық емес деген ойдамыз. Ерлік айында тәуелсіздік алып, еркіндікке қол жеткіздік; тұтастықты сақтап, елдікті еңселі еттік. Бұл – бостандық үшін бастарын бәйгеге тігіп, азаттық жолында құрбан болған боздақтарға, ұлттың ұлы қаһармандығына қойылған ең үлкен Ескерткіш болса керек!»,— деді Дархан Қыдырәлі.