«Сүйінші» сыйқорабына бөбектерге қажетті заттардан басқа ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың туу туралы куәлігі салынған.
Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!, — деп жазылған президенттің құттықтауында.
16 және 17 желтоқсан мереке күндері Батыс Қазақстан облысында 72 сәби дүниеге келген.
Дүниеге келген балаларға туу туралы куәлікті алу туралы өтінімдерді ХҚО қызметкерлері қабылдап, әрі қарай Қазақстан азаматының алғашқы құжатын ресімдеу үшін АХАТ органдарына жолдады. АХАТ қызметкерлеріне туу туралы куәліктерін ресімдегені, Қазпошта қызметкерлеріне «Сүйінші»-бокстарды жеткізгені, сонымен қатар барлық медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін алғыс айтқым келеді, — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» облыстық филиалының директоры Надир Құрымбаев.
Сүйінші-боксты алғаш болып алғандар Жаңақалалық Кәмшат Ескакова мен Қахарман Зинуллиндер. Жанұясы екі бірдей сәбимен толыққан ата-ананың қуанышында шек жоқ. Егіздердің біріне Тарғын, екіншісіне Торғын есімдері берілген. Зинуллиндер әулеті өмірлеріндегі осындай қуанышты сәтте үкіметтің көңіл бөліп жатқанына ризашылығын білдірді.
«Қазпошта» АҚ БҚОФ директорының орынбасары Нұрғиса Камашевтың айтуынша, қазіргі уақытта бокстар Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Сырым аудандарына жолданған. Кейбір аналар сыйлықтарды облыстық перинаталдық орталықта алатын болады.
- Айта кету керек, «Сүйінші» сыйқораптарын ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен» бірге және ҚР ұлттық банк, центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырды.