Тараптар Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдету тұрғысынан өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Үкімет басшысы Қазақстанның Башқұртстанмен сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика, АӨК, өнеркәсіптік кооперация және басқа да салалардағы ынтымақтастығын арттыру үшін елеулі әлеуеттің бар екенін айтты.
Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ҚР мен РФ арасындағы сауда көлемі 30% артып, 19,5 миллиард долларға жетті. Бұл ретте сауда құрылымын әртараптандыруда ілгерілеушілік байқалады — Қазақстанның экспорт көлемі 39,4%, оның ішінде өңделген өнім көлемі 47,7% өсті. Биылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы тауар айналымының көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 32,1% өсіп, 305 миллион болды. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 10,3% жоғары. Алдағы жылдары тараптар тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізуге ниетті, — делінген хабарламада.
Асқар Мамин мен Радий Хабиров Уфада өтіп жатқан «Халықаралық бизнес апталығы-2021» аясында «Қазақстан–Башқұртстан» іскерлік форумына қатысты. Форумда 100-ге жуық адам — мемлекеттік органдардың, өңірлердің басшылары, сонымен бірге екі республиканың іскер топтарының өкілдері бас қосты.
Башқұртстан Республикасы Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінде ерекше орын алады. Биылғы қыркүйек айының соңында Радий Хабировтың ҚР-ға сапарының қорытындысы бойынша бекітілген Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды арттырудың сенімді тетігіне, сондай-ақ бизнес-топтар үшін бірқатар перспективалы салаларда қалыптасатын мүмкіндіктердің тереңдігі мен ұзақ мерзімділігінің белгісіне айналып жатыр, — деді Аcқар Мамин форумда сөйлеген сөзінде.
Форум аясында химия және тоқыма өнеркәсібі, машина жасау, АӨК, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы консалтингтік қызметтер салаларында 8 инвестициялық және коммерциялық келісімшартқа қол қойылды. Аса маңызды құжаттардың бірі — «Каустик» АҚ мен «Башқұрт сода компаниясы» АҚ арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы қол қойылған келісім. БК шеңберінде Қазақстан мен Ресей аумағында жалпы көлемі 1 миллиард долларға дейінгі жобалар іске асырылады. Каустикалық сода, натрий гипохлориті, хлор, тұз қышқылы, титан қостотығы және басқа да химиялық өнімдер өндірісі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ТМД-дағы жалғыз цирконий оксихлоридінің өндірісі жолға қойылады.
Үкімет басшысы Уфаға сапары барысында Салават Юлаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Башқұртстанның жобалық басқару және әлеуметтік мониторинг тәжірибесімен танысты, сонымен бірге телекөпір режимінде Башқұртстан Республикасының жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен әңгімелесті.