Дубляж актерлары Disney саундтректерінің қайырымдылық киноконцертіне шақырды

«Болашақ» корпоратив қоры әлеуметтік желілерде қазақстандық дубляж актерларының көлікте мультфильм кейіпкерлерін импровизация жасаған және көрермендерді Disney саундтректерінің қайырымдылық киноконцертіне шақырған видеосын жариялады.

Кадрда Дәурен Серғазин, Назерке Серікболқызы, Шах-Мұрат Ордабаев және Шехназа Қызыханова сынды актерлар «Өзіңнен баста» жобасы аясында бұған дейін қазақ тіліне дубляждалған «Жан», «Аладдин», «Мұзды өлке», «Арыстан патша» мультфильмдерінің кейіпкерлерін көлікте келе жатып дыбыстайды.

Сонымен, дубляж актерлары бір-бірімен сөйлесе келе, Астананың аязды ауа-райын кәсіби дауыста суреттеп бейне жазғаны оқырмандардың арасында жақсы пікірге ие болды. Видео соңында олар көрермендерді Disney саундтректерінің қайырымдылық киноконцертіне шақырды.

Айта кетсек, болашақтықтардың шетелдік фильмдерді мемлекеттік тілге дубляждауы әлемдегі бірегей және бірден бір жеке бастама. 10 жыл ішінде «Өзіңнен баста» жобасы аясында бюджеттен тыс қаражат есебінен Disney, Pixar, Marvel және Sony Pictures секілді жетекші әлемдік киностудиялардың 38 фильмі ең жоғары халықаралық стандарт бойынша тікелей ағылшын тілінен қазақ тіліне дубляждалды. Олардың ішінде «Мулан», «Батыл жүрек», «Коко құпиясы», «Моана», «Энканто», «Малефисента», «Аладдин», «Жан» және т.б. картиналар бар.

Бұған дейін «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек «Энканто» анимациялық фильмінің алдын ала көрсетілімінде Nur Otan партиясының қолдауымен болашақтықтардың бұл бастамасы ары қарай жалғасын тауып, мемлекеттік тілде сапалы мультимедиялық контент жасау жөніндегі ұлттық саясаттың бір бөлігіне айналатынын айтқан болатын. 2011 жылдан бастап бұл жобаны 22 демеуші компания қолдады, барлық 38 фильмнің дубляжының жалпы құны 1,5 миллиард теңгеден астам соманы құрады.

Еске сала кетейік, 22 желтоқсанда елордада «Қазақстан» Орталық концерт залында Disney киноконцерттерінің бүкіл әлем бойынша бірегей желісінің жалғасы саналатын «Жұлдыздар шеруі» қайырымдылық киноконцерті болады. Олар Лондон, Сан-Франциско, Токио, Сидней, Париж, Мәскеу қалаларының үздік концерт залдарында өтуде. Ол алғаш рет Қазақстанда 2018 жылы өткен.

Сатылған билеттерден түскен барлық қаражат «Болашақ» қорына беріліп, ол инклюзивті білім беру мен аз қамтылған отбасылардан шыққан талантты жастарды қолдауға бағытталған жобаларды дамытуға жұмсалады.