Басты бетЖаңалықтарАгроөнеркәсіптік кешеніне...

Агроөнеркәсіптік кешеніне салынған инвестициялар көлемі өсті

2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жалпы көлемі 659,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 40,5%-ға өсті. Сонымен бірге тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 91,2 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2,6%-ға жоғары, — деді Ербол Қарашөкеев.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жол карталарын әзірлеп, бекіткен болатын.

Оның айтуынша, жол карталарына сәйкес жалпы сомасы 4,4 триллион теңге болатын 934 инвестициялық жобадан пул жасалды.

Осы жобалар пулынан негізгі ірі бағыттар айқындалды. Ет бағытында (бордақылау алаңдары, репродукторлар, сою цехтары, ет өңдеу зауыттары) шамамен 1 триллион теңге сомасына 301 жобаны іске асыру көзделді. Жылыжай кешендерінде 1 триллион теңге сомасына 67 жобаны іске асыру жоспарланған. Сүтті мал шаруашылығында 452 миллиард теңге сомасына 186 жобаны іске асыру ескерілген. Құс шаруашылығында сомасы 373 миллиард теңгені құрайтын 47 құс фабрикасын салу жоспарланған, — деді министр.