Оның айтуынша, қазіргі уақытта банктер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларына сәйкес кредиттер бойынша кепілдік қамтамасыз етуге бағалау жүргізеді.
Қарыз беру кезінде тәуекел-менеджмент бойынша талаптарды орындау үшін банктер тәуелсіз бағалау компаниясы дайындаған бағалауды пайдалану есебінен қабылданатын кепілдік қамтамасыз ету құнының объективтілігін қамтамасыз етеді. Бұл ретте қамтамасыз етуге қабылданатын мүліктің кепілдік құнын банктер халықаралық есептілік стандарттарының талаптарына сәйкес айқындайды. Стандарттарға сәйкес кепіл құнын есептеу үшін кепіл мүлкінің нарықтық құнының төмендеуі нәтижесінде ықтимал зияндар тәуекелін ескеретін дисконттау коэффициенттері қолданылады. Банктердің кепілдермен жұмысы тиісті заңнамалық актілермен реттеледі, — делінген Үкімет басшысының жауабында.
Премьер-министрдің атап өтуінше, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кепіл мүлкін бағалау кезінде бағалаушылардың біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту және халықтың бағалау институтына деген сенімін арттыру үшін Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен әрі және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп заң жобасын әзірледі.
Заң жобасында:
- тәуелсіз бағалау компаниясының бағалаушылар палаталарының кепілдер бойынша есептерін жинау арқылы тәуелсіз бағалаудың сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту және оларды одан әрі цифрландыру үшін Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жіберу;
- бағалау туралы жалған есептер дайындауға жол бермеу үшін жосықсыз бағалаушылардың тізілімін енгізу;
- бағалаушылардың әрбір 3 жыл сайын біліктілігін арттыру курстарынан өтуі бойынша оларға қойылатын талаптарды енгізу арқылы тәуелсіз бағалау компаниясы сарапшыларының құзыретін арттыру;
- реттеушілік талаптарды сақтамағаны үшін куәліктің қолданыс мерзімін 3 жылға дейін тоқтата тұруды белгілеу және одан айыру мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту есебінен тәуелсіз бағалау компаниясының жауапкершілігін арттыру көзделген.
Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында. Бұған қосымша, банк активтерінің сапасын жақсарту үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кепілдік қамтамасыз етуді бағалау рәсімдеріне, сонымен қатар тәуелсіз бағалау компаниясы жүргізген бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті іс-шаралар тізбесіне қойылатын реттеушілік талаптарды қатаңдатуды пысықтауда, — деп атап өтеді Асқар Мамин.