Президенттің арнаулы өкілі Вашингтонға жұмыс сапарымен барды

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ақ үйдің мемлекеттік департаменттің және АҚШ конгресінің ресми өкілдерімен өткен келіссөздер екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылауға, бірқатар халықаралық проблема бойынша, оның ішінде аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға, пандемияға қарсы іс-қимыл және климаттың өзгеруіне қарсы күреске бағытталған мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Арнаулы өкіл Қазақстандағы саяси және экономикалық реформаларға қатысты мәселеге ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан мен Вашингтон арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі жандандыру жөнінде нақты келісімдерге қол жеткізілді.

Мемлекеттік департамент басшылығымен кездесу барысында саяси және экономикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастық, «С5+1» форматындағы өңірлік диалогты нығайтудың перспективалары, сонымен қатар Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу мәселелері талқыланды. Америкалық тарап Қазақстанның ауған халқына іс-жүзінде көрсеткен гуманитарлық көмегін, сонымен бірге Нұр-Сұлтанның Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысқа жол бермеу жөніндегі халықаралық күш-жігерді үйлестірудегі рөлін жоғары бағалады.

Іс-шара аясында Орталық Азия және Кавказ Институты профессорларының «Strong and Unique: three Decades of US-Kazakhstan Partnership» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап екіжақты қарым-қатынастардың даму тарихын қамтитын алғашқы кешенді зерттеу еңбегі болып табылады.

Сапар қорытындысы бойынша Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті.