Дональд Трамптың әрекетінен кейін конгресс 2015 жылы бекітіп, бірақ вето қойылған жобаның жолы ашылды. Президент Канадамен арадағы мұнай магистралі елде 28 мың жұмыс орнын ашады дейді. Ақ үй басшысы сондай-ақ Солтүстік Дакотадан Иллинойсқа мұнай жеткізетін құбырды салуға да қол қойды. Бұл шешімдерге наразылық білдіріп жатқан белсенділер билік қоршаған ортаға зиян жобаларды қолға алғанша таза энергияны дамытуға күш салғаны дұрыс дегенді айтады.
Рауль Гриальва, Демократиялық партияның өкілі:
— Біз басқа бағытты таңдауымыз керек. Ол таза, қайта қалпына келетін, Жер шарын қорғап, өмірді сақтайтын жол болуы қажет.
Трамптың бұл шешімі көрші Канада басшылығының қолдауына ие болды. Премьер-министр Джастин Трюдо жобаның экономиканы дамытатынын әрі өз еліне тиімді екенін айтты.
Джастин Трюдо, Канада Премьер-министрі:
— Бұған дейін президент Дональд Трамппен әңгіме кезінде Кистоун мұнай құбыры мәселесі көтерілген. Мен бұл жобаны қолдаймын. Өйткені ол экономикалық дамуға септігін тигізіп, Альбертада жаңа жұмыс орындарын ашады.
Президент Трамптың алғашқы қаулыларының бірі Транс-Тынық мұхиты әріптестігі жөніндегі аймақтық экономикалық бірлестікке қатысты болды. Жаңа билік бұл ұйымнан бас тартты. Азия-Тынық мұхитында қызмет пен кеден салығын толық жоюды көздеген келісім Құрама Штаттарға тиімсіз дейді Ақ үй басшысы. Алайда Австралия үкіметі ұйымның АҚШ-сызда күні қараң болмайтынын айтса, ресми Токио бұл қадамды қолдағысы жоқ. Сондықтан Ақ үй басшысын райынан қайтаруға талпыныс жасамақ.
Синдзо Абэ, Жапония Премьер-министрі:
— Мен президент Дональд Трамп еркін және әділ келісімнің маңыздылығын түсінеді деп ойлаймын. Сондықтан кездесуде Транс-Тынық мұхиты әріптестігі жөніндегі сауда келісімнің стратегиялық және экономикалық маңызына көңіл аудармақпын.
Ал президент Трамп солтүстікамерикалық еркін сауда жөніндегі келісім баптарын қайта талқылауды көздеп отыр. Дүйсенбі күні Ақ үй басшысы көрші Мексика және Канадамен келіссөз жүргізу туралы құжатқа қол қойды. Дональд Трамптың мәлімдеуінше, егер қос ел оны талқылаудан бас тартса, Вашингтон бұл шарттан да шығуға дайын.