Алматыда 53 млн теңге жымқырған хакерлер ұсталды

Қылмыстық топ 2015 жылдан бері Франция, Германия, Ұлыбритания мен АҚШ-та орналасқан серверлері арқылы өздері жасаған қауіпті бағдарламаларды пайдаланып, қазақстандық салымшылар шотынан ақша ұрлаған. Топ серкелері ақпараттық технологияда айтарлықтай тәжірибесі бар екі адам. Олар бұл іске тағы 18 адамды жұмылдырған.

Екі жыл ішінде қылмыстық топ 53 млн теңгені жымқырып үлгеріпті. Алайда, ақшаны толық жұмсай алмаған. Қаржының жартысы иелеріне қайтарылды.

Кеше Бостандық ауданының №2 сотының судьясы қылмыскерлерді бас бостандығынан айыру туралы шешімді жариялады.

Дияс Махамбетов, қалалық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі:

— Қылмыстық топты құрған Омаров пен Дасторовқа 7,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олардың мүлкі де тәркіленеді. Сондай-ақ 13 адамға үш жарым мен 7 жыл аралығындағы түрмеге тоғыту жазасы кесілсе, 5 адам шарты жазаны өтейді.

Дереккөз24.kz