Басты бетЖаңалықтарМәжіліс төрағасы:...

Мәжіліс төрағасы: 30 жылда ғасырға тең келетін табыстарға жеттік

30 жылдың ішінде жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрылды. Тарих тұрғысынан алғанда аз ғана уақыт – 30 жылдың ішінде Қазақстан дамыған елдердің қатарына кірді. Бұл туралы тұңғыш президент «Тәуелсіздік тағлымы» мақаласында айтқандай, біз ерекшеліктеріміз бен мүмкіндіктерімізді ескеріп, «Қазақстан-2030» стратегиясын мерзімінен бұрын орындап, одан кейін «Қазақстан-2050» бағдарламасын жасадық. Осы стратегиялық іс-жоспарларымыз біздің елімізді үлкен нәтижелерге жеткізді. Оны әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар мойындап отыр. Бүгінде тәуелсіз Қазақстан өзінің мыңдаған шақырым шекарасын бекіткен, дүниежүзіне тараған қазақстандықтарды бір шаңырақтың астына жинап, бүкіл әлемге қажетті халықаралық бастамаларға бастамашы болған танымал, беделді мемлекет. Оған дәлел біздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткеніміз, — деді Мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулин Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш болып Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болған да Қазақстан екенін айтты.

Бүкіл әлемге әйгілі ЭКСПО көрмесін ұйымдастырдық. Бұл көрме елбасының ерен ерлігімен, парасатты шешімімен, жасампаз идеясымен дүниеге келген астанамыз Нұр-Сұлтанда өтті. Қазір елордамыз дүниежүзі елдерінің арасында дінаралық және ұлтаралық татулық ұғымының саяси диалог алаңына айналды. Елбасының тағы бір тарихи шешімінің арқасында ашылған Түркістан облысы Еуропа мен Азияны қосатын бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы деп аталды. Міне біз, осылай 30 жылдың ішінде ғасырға тең келетін табыстарға жеттік, — деі Нұрлан Нығматулин.